Мегаполистің арық желісі толық жаңартылып жатыр

24.11.2023 22:49

2024 жылы арық жүйесін тазартып тұруға қаржы бөлінеді

Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда қала әкімінің тапсырмасымен су басуды жою үшін арық желілері жаңартылып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Бостандық ауданы тұрғынының сұрағы: Сәтбаев-Масанчи қиылысын жаңбыр кезінде су басады. Бұл мәселені шешуге көмектесіңізші.

Алматы әкімі Ерболат Досаевтың жауабы: Алматыда құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде нөсер кәрізі бірге жабдықталуға тиіс. Сіз көрсеткен қиылыста жақын арада мердігер кәріз жүргізу жұмысын аяқтайды, бұл жобада көрсетілген.

 - Су тасқынын жою мақсатында жүргізіліп жатқан арық желілерін жаңғыртуға сәйкес Алматыда барлығы 300 шақырымнан астам арық желісі ауыстырылып, салынады. Алдымен біз үнемі су басатын жерлерге назар аударамыз. Түрксіб, Жетісу сынды қаланың төменгі аудандары бірінші кезекте қамтылады. Бітелген арықтарды тазалаймыз. Қалада арық жүйелері ескі, көбін ағаштардың тамыры бітеп тастаған, үнемі қоқыс жиналады. 2024 жылы арық жүйесін тазартып тұруға, күтіп ұстауға қаражат бөлу туралы шешім қабылданды. Орталықсыздандыру аясында аудан әкімі су тасқынына байланысты мәселені шеше алады. Бұрын аудан әкімдері бюджеттің жоқтығын айтатын, енді олар өз бетінше жұмыс істей алады. Аудан әкіміне осы участкі бойынша жұмыстардың орындалу барысын қадағалауды тапсырамын, - деді Ерболат Досаев.

Айта кетейік, зерттеу нәтижесі бойынша Алматы қаласының аумағында үнемі су басатын 102 аумақ бар. Олардың 56-ы аса маңызды аумаққа жатады. 2022-2023 жылдары су тасқынын жедел жою мақсатында қаланың осы  аумағында құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды, оның аясында қолданыстағы 13 коллектор мен 3 канал қалпына келтірілді, қосымша 6 коллектор мен 6 канал салынды, сонымен қатар Ойжайлау, Боралдай және Қарасу өзендерінің сол жағалауын нығайту бойынша жұмыстар жүргізілді. Коллекторлардың өткізу қабілетін екі есе арттыру бұрын үнемі су басатын аумақтарда мәселені біржола шешуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар Алматы әкімдігі 3 негізгі бағыт (Орталық, Шығыс және Батыс) бойынша 276 км қайта жаңарту және 100 км жаңа арық желілерін салу бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп отыр. Бүгінде ұзындығы 84,8 км болатын 164 учаскеде жұмыс аяқталды.

Оқи отырыңыз: Алматыда балалар алаңы мен қала тұрғындарының демалыс аймағы көбейеді