1986 жылы Гүлмира Баятқызы ҚазҰУ-дың студенті әрі Коммунистік партияның қатарында болған
«Желтоқсан» саябағын ашу – қазақ халқына деген үлкен құрмет, деп есептейді «Желтоқсан жұлдыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Мұстафина.
1986 жылы Гүлмира Баятқызы ҚазҰУ-дың студенті әрі Коммунистік партияның қатарында болған. Ол кезде алаңда болып жатқан оқиғаларды көре тұрып, партия қатарында қалу мүмкін емес еді, халқымның мүддесін қорғамайтын партиядан бірден бас тарттым, деп еске алады Гүлмира.
«Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Желтоқсан оқиғасы тарихта орны бар, әлемді елең еткізген көтеріліс. Желтоқсан қоғамдық бірлестіктері арқылы біз өз ұсыныстарымызды әкімдіктерге білдіріп отырамыз. Бұл саябақты ашу Желтоқсанға деген үлкен құрмет, қазақ халқына деген үлкен құрмет. Халыққа берері көп демалыс орыны болады деп есептейміз», – деді Гүлмира Мұстафина.