|
07.10.2021 | 16:02
936

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға соңғы үлгідегі арба берілді

Бүгінде қалада 53 мың 917 мүмкіндігі шектеулі тұрғын тіркелген

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға соңғы үлгідегі арба берілді Almaty.tv

Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарға заманға сай, соңғы үлгідегі арба берілді. Тағдырдың ауыр тауқыметіне ұшыраған алматылықтардың тек біреуі ғана сыйлық табыстау жиынына келіп, қатыса алды. Себебі қалғандарының еркін қатынайтын арбасы жоқ болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айта кетейік, су жаңа жабдыққа ие болғандардың арасында паралимпиадашы Евгений Левкин де бар. Азиада чемпионы демеушілерге бейнеқоңырау арқылы хабарласып, ризашылығын білдірді.

«Бүгін арба алғандардың арасында трамплиннен секірумен айналысатын қазақстандық спортшы бар. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Енді жаңа арба оған ұзақ қызмет етіп, жаңа мүмкіндіктер ашады деген ниеттемін», – деді демеуші Нариман Жақсыкелдинов.

Ал игі іске Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы мұрындық болған. «Жүректен жүрекке-2021» акциясы аясында ведомство арбаға таңылған жандарға қолдау көрсетуге ниетті демеушілер тапты. Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде қалада 53 мың 917 мүмкіндігі шектеулі тұрғын тіркелген.

«Әлеуметтік қызметтер үйіне күніне 500-ден аса адам өтініш жасайды. Әрине, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Мүгедектігі бар адамдардың күнделікті қолданыстағы жабдықтары тозып кетеді. Сондықтан үнемі демеушілер іздейміз. Көп жағдайда кәсіпкерлер өтінішімізді жерде қалдырмайды», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир