|
25.07.2023 | 17:59
683

Тұрғындар өтініші: Алматының Жетісу ауданында 12 көше жөнделді

Жұмыстар Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша іске асты

Тұрғындар өтініші: Алматының Жетісу ауданында 12 көше жөнделді Almaty.tv

Алматының Жетісу ауданының аумағы тұрғындардың өтінішімен абаттандырылып жатыр. Естеріңізде болса, қала әкімімен кездесуге жиылған көпшілік шаһар басшысына бірқатар мәселе айтқан еді. Жұрт базынасына құлақ асқан Ерболат Досаев жауаптыларға тиісті тапсырма берген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қоянды көшесіндегі жолдың жайы біраз уақыттан бері тұрғындар үшін жайсыздық туғызған. Ал қазір «асфальт төселіп, инфрақұрылымның  жақсарып келе жатқаны көңіл қуантады» дейді аудан тұрғындары.

– Мамыр айында асфальт төселді. Құбырларды қойып тастады, енді күзге таман қыркүйек айында қосады деп жатыр. Қуаныштымын. Әкімдік өкілдеріне рақмет, мәселені шешіп жатыр, – деді қала тұрғыны Разия Мансұрова.

– Мектеп жанымызда. Балалар батпақ көшемен бұрын жүре алмайтын. Қазір асфальт төселіп, жақсы боп қалды, – деді қала тұрғыны Тоқтасын Молотов.

Көше бойында кәріз жүйесі де іске қосылған. Жауапты мамандардың айтуынша, барлығын кезең-кезеңімен жүзеге асырған.

– Көше бойына толығымен асфальт төседік. Жол мәселесі толық шешілді деп айтуға болады. Биыл аудан бойынша 12 көшенің жолын жөндедік, – деді Жетісу ауданы инженерлік және жол инфрақұрылымы бөлімінің басшысы Ернат Әбдірахманов.

Сондай-ақ аудан тұрғындарының қалауы бойынша Палладин көшесі мен Солтүстік айналма жолының аралығындағы Жұмабаев көшесін көріктендіру мақсатында саябақ салынған. Демалыс үшін арнайы абаттандырылған орын көпшіліктің көңілінен шыққан.

– Халық көп қоныстанған жер Жетісу ауданындағы Айнабұлақ ықшамауданы. 200 көпқабатты үй бар, халқы 10 мыңнан асады. Сондықтан Жұмабаев көшесін абаттандыруды жөн көрдік былтырғы жылы, – деді Жетісу ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Нұрдәулет Қалдаров.

Сонымен қатар, ауданда су мен кәріз жүйесі мәселесі қолға алынған. Қазір Сейфуллин, Рысқұлов даңғылы, Солтүстік айналма жолы мен Боралдай көшесінде қарқынды жұмыс жүріп жатыр.

Гүлмарал Изатқызы, Дияс Махамбетов, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданы тұрғындарымен кездеседі

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир