Е. Бабақұмаров дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселесі бойынша қалалық алқа отырысын өткізді

Е. Бабақұмаров дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселесі бойынша қалалық алқа отырысын өткізді
Қала әкімінің орынбасары конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері бойынша рухани-түсіндіру жұмысын күшейтуді тапсырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров онлайн форматта Дін істері басқармасының қалалық алқасын өткізді. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Алматы қаласы Дін істері басқармасының басшысы Н. Қиқымов баяндама жасады, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы», «Кеңес беру және оңалту орталығы» КММ ведомстволық бағынышты ұйымдардың басшылығы тыңдалды. Бүгінгі күні қалада 17 конфессия өкілі болып табылатын 184 тіркелген діни бірлестік жұмыс істейді. 115 ғибадат үйі қызмет көрсетеді, оның ішінде 52 мешіт, 20 православ шіркеуі мен соборлар бар. Дін саласында биыл 16 жоба іске асырылып жатыр, 10 ҮЕҰ және өзге де ұйымдар тартылды.

Конфессияаралық келісімді қамтамасыз ету мақсатында Алматыда діни бірлестіктер көшбасшыларының клубы жұмыс істейді. Конфессиялар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің арасындағы сенімді қарым-қатынастарды дамытуға оң ықпал ететін түрлі мәдени, спорттық іс-шаралар мен жиналыстар өткізіледі.

Діни сауаттылықты арттыру, халықтың зайырлылық қағидаттарын және радикалды идеологияның зияндылығын түсіндіру үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері 63 мың адамды қамтыған 507 іс-шара өткізілді, бұл 2020 жылға қарағанда 80%-ға артық. Діни ахуалды бағалау бойынша әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес халықтың дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдауы 89,1%-ды құрайды.

Алқа қорытындысы бойынша қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері бойынша рухани-түсіндіру жұмысын күшейтуді, сондай-ақ экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелерінде мемлекеттік органдардың барлық мүдделі ұйымдармен өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды.

Сонымен қатар, Дін істері басқармасы «Рухани жаңғыру» КММ және Алматы қаласы ҚМДБ филиалымен бірлесіп, азаматтардың туған өлкесін дамытуға, әлеуметтік мәселелерді шешуге, оның ішінде әлеуметтік нысандар, мектептер, медициналық мекемелер салу жөніндегі жобаларды іске асыруға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған «Туған жер» арнайы жобасына меценаттарды тарту бойынша бірлескен жұмыс жоспарланды.

Новости партнеров