5 жылдан бері өз кәсібіне қол жеткізе алмай жүр. Жамбыл облысында алдандым деген кәсіпкер кірпіш зауытын қайтара алмай жүргенін айтып шағымданды. Оның сөзінше, аудандық құқық қорғаушылар істі созбалаққа салып, ақыры жауып тастаған. Құны 100 млн теңгеден асатын зауытқа көз алартқан кім? Бұл сұрақтың жауабын Almaty.tv тілшісі біліп қайтқан еді.
Бірнеше жыл бұрын жылына 2,5-3 млн дана кірпіш шығарған зауытта қазіргі уақытта құрылғылар ұрланған және де өндіріс тоқтап тұр. Тоқыраған кәсіптің иесі оның себебін серіктестерінің жалған құжат жасап, тартып алуымен түсіндіріп отыр.
Бақыт Адамсапиев «10 жыл бойы көтерген кәсібім көз алдымда күйреді» дейді. Бастапқыда 180 мың долларға сатып алған зауытта 30 адамды жұмыспен қамтып, 2007-2016 жылдары кәсібін жүргізген. Кейін Ақаев есімді серіктесіне 5 жылға жалға беріп, өзі ЭКСПО құрылысына зауыттың шаруаларымен кеткен. Солайша келісім бойынша, жалға алушы табыстың 60 пайызын зауыт иесіне беруі керек болған. Бірақ 1 жыл жұмыс істеген соң мұндағы алып пештерді бұзып, құрылғылар мен техникаларды тасып кеткен дейді. Жәбірленуші аудандық құзырлы органдардың тергеуді о бастан дұрыс жүргізбей, қылмыстық емес, азаматтық іс қозғағанын айтады.
«Сараптама жүргізбей, 2017 жылы істі жауып тастап отыр. Сол уақыттан бері 3 тергеуші ауысып, прокурор орынбасары қылмыстық істі жасырып отыр», – деді кәсіпкер Бақыт Адамсапиев.
Алдандым деген кәсіпкер серігіне мөр мен қолтаңбасын сеніп тапсырғанын айтады. Сол арқылы Әділет департаментімен жалған құжат жасап алған дейді. Бұл деректі тергеушілерге де айтқан, бірақ олар құлақ аспапты. Осылайша, тәуелсіз мамандарға құжат тексерткен.
«3 сараптама да сатып алу құжатының заңсыз екенін дәлелдеп отыр. Неге десеңіз, эксперттің айтуы бойынша, бірінші мөр қойылған. Одан соң қол қойылып, содан кейін ғана принтермен мәтін шыққан», – дейді Бақыт Адамсапиев.
Тергеу басталған 5 жылдың ішінде 3 тергеуші, Меркі аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары сылбырлығы үшін ескерту алған. Бірақ іс сонда да жылжымаған. Ал аудандық бөлім басшылығы шырылдап жүрген мүлік иесінің ісін жауып тастаған екен.
«Қылмыстық құрамның болмауына байланысты» биыл, 2021 жылы 1 сәуірде қысқартылып, аудандық прокуратураға жолданды», – деді Меркі аудандық ІІБ басшысының бірінші орынбасары Әбдікәрім Мұқаев.
Облыстың құқық қорғаушылар құқымды қорғамады деген кәсіпкер үмітін үзбейді, Үкіметтен өзінің жанайқайын тыңдайтын маман табылар деп министрлікке арызын айтпақ.
Мерей Бает, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан