Жұмыссыз жастарға енді мекемелерден бос орын іздеп табан тоздырудың қажеті жоқ. Себебі Алматының 8 ауданы бойынша жастарды жұмыспен қамту пунктері ашылды. Түйіндемені қай мекенжайда тапсыруға болады? Бос орындардың тізімі мен қойылатын талаптар туралы Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай әңгімелейді.
«Жастар тәжірибесі» бағдарламасы техникалық кәсіптерден бастап гуманитарлық мамандықтарға дейін әр түрлі салаларды ұсынады. Өтініш берушінің жасы 14 пен 29 аралығында болу керек. Әзірге қала бойынша мобильдік ресурстық орталықтың 8 пункті жұмыс істеуде. Филиалдарға түскен ақпарат өңделіп бірден қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына жіберіледі. Одан бөлек, «Шұғыл талап етіледі» газетінің сайтында жарияланады. Ал, тиісті жұмыс орны табылғаннан кейін ондағы ақылы тағылымдама алты айға дейін созылуы мүмкін.
ГРАФИКА:
- Алатау ауданы - Нұркент ықшам ауданы 5/6 (Атлетикалық ауыл);
- Алмалы ауданы - Жібек Жолы-Панфилов (Арбат) көшелерінің қиылысы;
- Әуезов ауданы - Абай-Алтынсарин көшелерінің қиылысы (Moskva СОО, Тиграхауд базары);
- Бостандық ауданы -Тимирязев көшесі 42 (Атакент);
- Жетісу ауданы -Айнабұлақ 1 ықшам ауданы, Жұмабаев-Мақатаев көшелерінің қиылысы (Айнабұлақ базары);
- Медеу ауданы - Жібек Жолы-Пушкин-Райымбек көшелерінің қиылысы (көк базар, Орталық мешіт, Саяхат автовокзалы);
- Наурызбай ауданы - Шұғыла шағын ауданы 347/2-Қалқаман;
- Түрксіб ауданы - Шолохов көшесі 2/1 (Алматы базары 1);
«Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры және де Алматы жастар ресурстық орталықтары бірлесіп өткізіліп отырған «Жастар іс-тәжірибесі» атты бағдарлама болып есептеледі. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету, жастарды жұмыспен қамту», – деді Бостандық ауданы Жастар ресурстық орталығының үйлестірушісі Омарбек Еркебұлан.
Мобилдік ресурстық орталық күшейтілген карантин кезінде онлайн форматта да жұмыс істеді. Соңғы бір ғана айдың көлемінде 70 шақты жас жұмыспен қамтылған. Игі жоба күннен-күнге ауқымын кеңейтіп келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша республиканың әртүрлі аймағынан Алматыдан жұмыс іздеп орталыққа хабарласады екен.
«Балқаштан да звондайды, басқа қалалардан да звондайды. Студенттер іздейді. «Біз келесі айда келеміз, соған жұмыс іздеп жатырмыз, бізге көмектесе аласыз ба?» дегендей. Біз оларға қандай да бір жәрдем көрсетіп, олар бізге келіп, түйіндеме жаза алады. Олар бізге келіп психологиялық көмек ала алады», – деді Алмалы ауданы Жастар ресурстық орталығының үйлестірушісі Әділ Нұрпейісов.
Ал, «Жасыл ел» бағдарламасының қолдауымен жоба аясында жаз айларында 300-дей студент жұмысқа тартылған. Енді жастар алдағы маусымға тұрақты қаражат көзін іздеп жүр. Олардың бірі Азамат есімді қала тұрғыны бүгін арнайы мобильді пунктке келіп, түйіндеме толтырды.
«Карантиннің алдында енді жұмысымнан айырылып қалдым. Сосын осы орталыққа келіп, өтінім бердім. Түйіндеме толтырып, енді маған жұмыс табылып қалатын шығар», – деді қала тұрғыны Азамат Жәнібекұлы.
Айта өту керек, бүгінде 15-тен және 28 жасқа дейінгі алматылық жастардың арасындағы жұмыссыздық деңгейі 6 пайызға жеткен. Ал, жоба аясында 1618 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр.
Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» арнасы