Елорда тұрғыны төтенше жағдай мен карантин режимі кезінде пəтеріне 810 адамды тіркеген. Мұндай мәліметті Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті көші-қон қызметінің мамандары айтты. Олардың мәліметінше, жыл басынан бері осы тектес 3 мыңға жуық заңбұзушылық орын алған. Алайда, үй иесіне айтпай тіркеу жағдайлары жиі ұшырасатын көрінеді. Арнамызға хабарласып, өкпе назымен бөліскен азаматша аумағы 40 шаршы метр пәтеріне оның рұқсатынсыз 45 адам тіркелгенін айтып шағымданды. Елордалық Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек толықтырсын.
55 жастағы елордалық пәтерінде 50-ге жуық бөтен адам тіркеліп тұрғанын кездейсоқ білген. Туысын тіркеймін деп, электрондық үкіметтегі жеке кабинетіне кіргенде, сұмдық жәйтқа тап болыпты. Айтуынша, қаңтар айынан бері әр екі-үш күн сайын адам тіркеліп отырған. Осындай ең соңғы рәсім 14 тамызда жүргізілген.
«2020 жылдың қаңтар айында ХҚКО-дан электронды цифрлық кілтті алдым. ХҚКО қызметкерлері маған алуға көмек берді. Бірақ та паролін өздері таңдап берді. Сол арқылы жасайсыз деді. Менің жиенім пәтеріме тіркеп беруін сұранғанда, сонда көрдім. Бөтен адамдар тұр. Қаңтар айында 45 адам тіркелге. Бұл не сұмдық!» – деді қала тұрғыны Алтын Уайысова.
Мәселенің анық-қанығын анықтау үшін Алтын апаймен бірге халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Ондағы мамандар өзгенің мүлкіне қол сұғып, танымайтындарды тіркей беретін алаяқтар қазір көбейгенін айтты. Халыққа қызмет көрсету орталығында тіркеуде заңсыз тұрған 45 адамның 44-і алынды. Біреуі әлі де қалып отыр. Бұған 92-жылғы бейтаныс бойжеткеннің төлқұжат рәсімдеп, оны қолына әлі алмағаны себеп.
«Біз қызметтік тергеу жүргіздік. Оның барысында аталған азаматшаның пәтеріне тіркелген адамдар электрондық үкімет арқылы тіркелгенін анықтадық. Олар халыққа қызмет көрсету орталығына келмеді. Тағы бір айта кететінім, азаматша электронды цифрлы қолтаңбаны флэш-жады арқылы алған. Ал ЭЦҚ-ны екінші мәрте көшіру базада тіркелмеген», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қала бойынша PR-менеджері Айнұр Жақанова.
Алайда елордада тіркеуге тұру ешқандай қиындық туғызбайтынын білдік. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандарынан сұрап көріп едік.
Ақша үшін, пәтеріне тіркеуге тұрғызып, заң бұзатындардың көптігін көші-қон полициясы да растап отыр. Айтуынша, тек төтенше жағдай мен карантин режимі кезінде Нұр-Сұлтан қаласы бойынша үйіне ондап, жүздеп адам тіркеген 3 мың тұлға анықталған.
«Нақты мекенжайда тұрмайтын азаматтарды өз үйіне тіркеген 60-қа жуық тұрғын иелеріне ӘҚ туралы кодекске сәйкес шаралар қабылданды. Жауапкершілікке тартылды. Жеке тұлғаларға 10 АЕК айыппұл салынды. Наурыз-сәуір айларында тіпті 810, 1000 адамға дейін пәтеріне тіркеген азаматтар анықталды», – деді қалалық Полиция департаменті көші-қон қызметі басқарма басшысының орынбасары Анар Жомартова.
Көші-қон полициясы берген мәлімет бойынша, төтенше жағдай мен карантин кезінде заңсыз тіркелген 16 мың адам тіркеуден шығарылған. Алайда олардың тағы басқа біреудің пәтеріне барып тіркелмейтініне кім кепіл? Ал заңды қатаңдату үшін, тәртіп сақшылары коммуналдық қызметтің бағасын тіркеуде тұрған адам санына байланысты етуді ұсынуда. Бәлкім сонда тіркеуді сатып жүргендердің жолы кесілер деген үмітте.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан