Алматыда көгілдір отынға қосылмаған 2,5 мыңнан астам үй бар

17.06.2020 00:54

Бүгінде қала 99 пайыз газбен қамтылды

Almaty.tv

Алматыда көгілдір отынға қосылмаған 2 жарым мыңнан астам үй бар. Жалпы алғанда, қала 99 пайыз газбен қамтылған. Бұл туралы қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, қазір газ тартуды артық төлемсіз, несие арқылы рәсімдеуге болады екен. Бұған дейін Түрксіб ауданының тұрғындары қала басшысынан газбен қамту мәселесін шешіп беруді сұраған еді.

Бекмаханов көшесінде орналасқан көпқабатты үйдің тұрғындары көптен бері көгілдір отынға қосылуды армандап келеді. Олар электр плитасын пайдалануға қорқамыз, ол өте қауіпті дейді. Бұл түйткіл Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың аудан халқымен кездесуінде де талай көтерілді. Шаһар басшысы тұрғындардың базынасын ескеріп, газдандыру мәселесін өз бақылауына алған еді.

Осы кездесуде қала басшысы бұл мәселе шешіледі деп сендірді. Қазіргі таңда аталған көпқабатты үй жартылай газбен қамтылды.

«Біз көгілдір отынға қосылдық. Қала басшылығына шексіз ризашылығымызды білдіреміз. Газға қосылу бағасы да қолжетімді», - дейді Түрксіб ауданының тұрғыны Тамара ФИСЕНКО.

«2004 жылдан бері осында тұрып келемін. Электр плитасын қосып жүрдік. Ол өте қымбатқа түсетін әрі ыңғайсыз еді. Енді газ кіргізіп берді. Бұған ел болып қуанып жатырмыз», - дейді тағы бір тұрғын Қадырхан МАМЫТБЕК.

Бұл аймақта ұзын-ырғасы 4 үй бар. Шамамен, 154 пәтерге жуықтайды. Олардың әрқайсысы блоктарға бөлінген. Соның үшіншісі газбен толық қамтылды, ал төртіншісінде газға қосу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл шаруа бұған дейін коронавирус пандемиясына қатысты шектеу шараларының кесірінен тоқтап қалған-ды. 

«Тапсырыс бойынша, магистральдық су желісі жүргізілді. «ГазТрансГаз» қаражатына магистраль жүргізілсе, ішкі ажыратып-тарту жүйелері тұрғындардың өз қаражатына жасалды», - деді Түрксіб аудандық коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос БЕКЕТАЕВ.

Соңғы жылдары Алматының тұрғын үйлерін газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл қауіпсіздік тұрғысынан, қала экологиясы үшін де аса маңызды. Бүгінде әсіресе жеке сектор тұрғындарын көгілдір отынмен қамту маңызды.

«Қалада барлық желілер құрылып болды. Қазір облыста проблема бар. Президент бұл жайлы бірнеше рет айтты. Алматы маңындағы осы түйткілді жақын арада шешу қажеттігін жеткізді», - деді энергетика саласының сарапшы маманы Әсет НАУРЫЗБАЕВ.

Жылдың соңына дейін қала басшылығы жер үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлерді барынша газдандыруды жоспарлап отыр. Қала әкімдігі бұл мәселеде аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созуда. Екінші деңгейлі банк өкілдерінің бірімен отырған келісімшарт бойынша халықты 0 пайыздық несиемен қамтымақ.

«2018-19 жылдары инвестициялық бағдарлама шеңберінде Алматыда 250 шақырым газ өткізетін желі салынды. Бұл жұмыстар қаланың шеткі аймағында орналасқан Алатау, Медеу, Түрксіб ауданын қоса есептеліп жасалды. Қазір қаланың 99 пайызы газдандырылды», - деді  Қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Рауан КӘРМЕНОВ.

Осылайша, жағдайы төмен алматалықтарды көгілдір отынға қосу жайы басты назарға алынды. Алатау ауданында 40 үй, ал Наурызбай ауданында 28 үйге газ тартылды. Бұл бағытта мердігер компаниялармен тиісті келісімшарт жасалған.

Сая Меңдеке, Татьяна Ким, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы