Тек денсаулық сақтау саласының өзінде 18 нысанның жобалық-сметалық құжаты аяқталуға жақын. Оның 15-і бойынша биыл құрылыс жұмысы басталмақ. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Алматы қалалық актив отырысында мәлімдеді. Шаһар басшысы берген ақпарға сәйкес, медициналық мекемелерді жарақтандыру деңгейін арттыруға бағытталған 3 жылдық бағдарлама бойынша 63 млрд теңге бөлініп, 21 мың бірлік керек-жарақ сатып алынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала бойынша денсаулық сақтау саласында көпдеңгейлі онкоорталық, мүгедектерді оңалту мен бірқатар диагностикалық мекемелерді салу секілді жобалар жүзеге асып жатыр. Биыл аталған сала бойынша жабдықталу деңгейін 100 пайызға жеткізу үшін 20 млрд теңге бөлінгенін де айта кеткеніміз жөн. Одан бөлек, 2022 жылы қаладағы бейнебақылау камераларының санын 3500-ге дейін арттыру жоспарланып отыр. Оның 200-і шет аудандарда орнатылмақ. Осылайша, бүгінгі жиында шаһар басшысы қала қауіпсіздігі мәселесіне айрықша тоқталды.
«Өрт қауіпсіздігі мәселесінде Алматыға бірқатар қосымша депо қажет. Осыған байланысты аталған нысанмен аз жабдықталған аудандарда жаңа депо орындарын жоспарлау мен құрылыс жұмыстарын бастауды орынбасарым Мұхит Әзірбаевқа тапсырамын», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ мобильді желі мен интернет қолжетімділігі үшін инвесторлар жұмысының нәтижесінде жалпы 1,8 мың шақырым аумаққа желі орнатылды. Бүгін Алматының өзекті тақырыбы – экология мәселесі де қозғалмай қалмады. «Жасыл Алматы» жобасының негізінде соңғы 2 жылдықта 760 мың ағаш отырғызылса, биыл тағы 300 мың көшет егілмек. Ал көпті толғандырған екінші жылу-электр орталығы да жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесінде өз қалдықтарын 7 жарым есеге азайтуды көздеп отыр. Айта кету керек, осындай бірқатар жобалардың негізінде қала басшысы Алматының шеткі аумақтарында да тиісті жұмыстың атқарылуын тілге тиек еткен еді.
«Уақытша орын емес, бізге жаңа Алматыға лайықты орын ашу керек. Шынымен де, бізде не көп, базар көп, сауда көп. Болашақта Алматының, кәсіпорындарын, үлкен ірі зауыттарды сыртқа, Алматы облысына шығару қажет. Ол қала экологиясына да оң әсер етер еді. Сонда қарасаңыздар, облыстың жастарына да жұмыс орындары ашылар еді. Олар қалаға салмақ салмайтын болады», – деді қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Рахман Алшанов.
Биылғы күзде қаладағы 10 саябақтың жөндеу жұмыстары аяқталады деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, Алматы әуежайы мен Тұңғыш Президент саябағы аралығындағы 25 шақырымдық орын абаттандырылса, 17 километрлік жаяу жүргіншілер жолының инфрақұрылымы жақсармақ.
Мадина Оқас, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы