Ауданда ұзындығы 13 шақырым болатын 16 көшеге орташа жөндеу жүргізілді
Алматы мектептеріндегі бастауыш сынып оқушыларының тамақтануы қадағаланады. Алмалы ауданына қарасты Досмұхамедов көшесіндегі тұрғын үйде жүріп жатқан жөндеу 20-қарашада аяқталады. Қиын жағдайда қалған зейнеткерге көмек көрсетіледі. Бұл - Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Алмалы ауданы халқымен кездесуінде көтерілген мәселелер, деп хабарлайды Almaty.tv.
Алматы әкімі Ерболат Досаев биылдыққа Алмалы ауданы тұрғындарымен үшінші рет кездесіп отыр. Бүгінгі жүздесу логистика және көлік академиясында өтті. Таңмен таласа 300-ге жуық тұрғын арызын арқалап, мәселенің шешілуін талап етіп келді. Олардың қатарында мектепте берілетін тегін астың сапасына көңілі толмайтын ата-аналар да бар. Олардың айтуынша, кәсіпкерлер асхана бизнесін майшелпекке айналдырған. Сондықтан шаһар басшысына тиісті басқармалармен бірігіп, білім ошақтарына тексеру жүргізуді ұсынды.
«Асханаға қатысты мәселе көп. Енді 60-70-80 гр еттің орнына 8-10 гр салынады. Балаларымызды тамақтандырып отырғаннан кейін алаңдаймыз. Бұл – ертеңгі Қазақстанның болашағы», – деді қала тұрғыны Әсет Оңалбаев.
«Өзім бастаған бастама болған соң арнайы қарап жатырмыз. Қазір балалар демалыста ғой. Демалыстан соң қаладағы бар мектепті тексереміз. Қиындық бар. Жаңа жылдан кейін жеңіл болады деп отырмын. Бюджетке келер жылға толық 20 млрд ақшаны бөлейін деп отырмыз. Тамақтың сапасын көтереміз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде 90 жасар әжей «қыстың көзі қырауда далада қалатын болдым» деп әкімнен көмек сұрады. Қарияның айтуынша, бір аулада 3 көрші тұрады екен. Оның бірі аядай жеріне көз тігіп, басып алғысы келетін көрінеді. Қиын жағдайда қалған әжейге қала басшысы көмектесуге уәде берді.
«Мен 1936 жылы туғанмын. Қазір тұрып жатқан үйім отызыншы жылы салынған. Халық ағарту ісінің үздігімін. Мен екі бөлмелі үйді сатып алғанмын. Жөндеу жұмысын жүргізіп қойдым. Құлайын деп тұр», – деді қала тұрғыны.
«Маған айтқан тапсырмаңыздың шешу жолын қарастырайын. Аудан әкімі мәселемен танысады. Шешімін табамыз», – деді қала әкімі.
Ал Досмұхамедов көшесіндегі 11-үйдің тұрғындары жөндеудің созылып кеткеніне алаңдап отыр. Халықтың атынан келдім деген МИБ төрайымы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қол жеткізген шаруаға көршінің қол байлау болғанын айтып, шағымданды. Айтуынша, 15 жыл жертөлеге иелік еткен тұрғындардың бірі оны қоқысқа толтырып тастаған. Бұл өз кезегінде жөндеу уақытының ұзаруына ықпал еткен.
«Рұқсат па, мен жауап берейін. Мен ол үйде өзім болдым. 20-қарашада бітіреді. Бүгін кафельдерін салып жатыр», – деді Тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Данияр Қырықбаев.
Алматы әкімімен кездесу белгіленген уақыттан ұзағырақ болды. Қала әкімі қолдан келгенше көмек көрсетіп, көптің сұрағына жауап беруге барынша тырысты. Мұндай жиындардың өткеніне халық та ризашылығын білдіріп жатыр. Олар қала әкіміне тікелей сұрақ қойып, мәселені шешуге мүмкіндік алып отыр.
Жадыра Омаржан, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы