Қатаңдатылған карантиндік шараларды алматылық кәсіпкерлер қолдады

Яндекс.Новости
Яндекс.Новости
Шектеу шаралары 28 наурызға дейін жалғасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгіннен бастап Алматыда карантиндік шектеу шаралары күшіне енді. Қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин бекіткен жаңа қаулығы сәйкес, ірі сауда кешендері мен қоғамдық тамақтану орындары, кафе, мейрамханалар өз жұмысын 28 наурызға дейін толығымен тоқтатты. Енгізілген шектеу шаралары кәсіпкерлердің жұмысын тұралатып, экономикалық шығынға алып келетіні жасырын емес. Десе де, қала әкімдігі тарапынан өткен жылғы төтенше жағдай кезіндегідей биыл да қолдау болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы бүгін онлайн брифинг өткізген кәсіпкерлік саласының жетекшілері мен қауымдастық басшылары мәлімдеді  

«Егер біз бір апта ішінде карантин талаптарын қатаң сақтап, тәртіпке бағынсақ, қалыпты жағдайға оралуымызға мүмкіндік бар. Яғни, бүгін жұмысы тоқтап тұрған бірнеше кәсіпкерлік нысанның қайтадан есігін ашып, тұтынушыларды қабылдай алады деген сөз. Шектеу шараларына жауапкершілікпен қарауымыз керек», – деді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

Жаңа қаулы бойынша қаладағы тамақтану орындары мен ресторан кафелер тек үйге дейін жеткізіп беру қызметімен айналыса алады. Мейрамхана ішіне, жазғы алаңдарға қонақ қабылдауға бұдан былай рұқсат жоқ. Бірақ курьерлікпен айналысатын қызметкерлердің жұмыс уақытына шектеу қойылмады. Тәулік бойы кез-келген уақытта қажетті тамағыңызға тапсырыс бере аласыз. Ал жол бойында орналасқан аяқ-киім, сөмке, киім-кешек саудалайтын дүкендердің ауданы 500 шаршы метрден аспайтын болса, көпшілікке қызмет көрсетуіне болады. Тек олардың жұмыс уақыты кешкі 8-ге дейін шектелді. Ал, шаштараздар арнайы тізім бойынша клиенттерді қабылдай алады.

«Қабылданған жаңа қаулы бойынша кәсіпкерлер арасында келіп түскен шағымдар болды. Бірақ біз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Мемлекеттен көрсетілетін қолдау түрлерін айтып, оларды пайдалану жолдарын көрсетеміз», – деді Қазақстан рестораторлар клубы қауымдастығының басшысы  Гүлнар Катибаева.

Мамандар өз кезегінде қазіргідей эпид ахуалдың күшейген шағында кәсіпкерлер үшін қойылған шектеулерге түсіністікпен қарауын сұрайды. Бүгінгі онлайн брифингке қатысушылар мұндай кезде кәсіптің уақытша тоқтағанынан бұрын, жұмыс орындарын сақтап қалу мәселесін бірінші орынға қою керектігін айтты. Себебі қандай мекемеде болмасын қазіргідей қиын шақта кадрлық құрамның сақталуы маңызды.  

«Алдағы күндері арнайы мониторнигтік топпен бірге кәсіпкерлік нысандарына біздің мамандар да бірге барады. Санитарлық талаптар толық түсіндіріледі. Сондықтан бұған кәсіп иелері ұйымдасқан түрде түсіністік танытады деп ойлаймын», – деді «Шағын және орта бизнесті қорғау жөніндегі тәуелсіз кәсіподақ» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Мотькина.

Шектеу шаралары 28 наурызға дейін жалғасады. Қаланың бас санитар дәрігері Алматы қызыл аймаққа енгелі бір тәулікте қауіпті індетті жұқтырғандар саны 500-ден артса, карантин талаптары бұдан да күшейтілетінін айтқан болатын. Өз кезегінде қалалық кәсіпкерлер қабылданған шектеу шараларын қолдайтынын жеткізді.

«Қаланың кәсіпкерлік саласы бұл шектеулерді қолдайтынын айтқым келеді. Себебі бұл вирустық инфекцияның жылдам таралуының алдын-алуға бағытталған жұмыстар ғой. Біз бұл қарқынды тоқтатуымыз қажет», – деді қазақстандық қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева.

«Өткен жылы қалай болып еді, еске түсіріп көрейікші: қала арасында қойылған блок бекеттер, төтенше жағдай, ешкімнің үйінен шығуға рұқсат берілген жоқ. Осындай көріністердің қайталанғанын қаламасақ, 7 күн жұмысмызды тоқтату дұрыс деп санаймын», – деді  зергерлік дүкендер желісінің негізін қалаушы Ольга Ким.

Экономиканың драйвері саналатын кәсіпкерлік саласын дамыту тұрғысында мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау болады. Қазірдің өзінде уақытша тоқтап тұрған кәсіпкерлік нысандарына ай сайынғы жалға алу төлемдерін азайту сынды көмектер көрсетіліп жатыр.

Ұлағат Арғын, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров