Алматыда Ұлттық киім күніне арналған сән фестивалі өтті

18.03.2024 23:31

Іс-шарада жастардан бөлек, ақ жаулықты әжелеріміз де өнер көрсетті

Almaty.tv

Бүгін – Қазақстанда Ұлттық киім күні. Наурызнама онкүндігіне арнайы енгізілген бұл айтулы дата еліміздің барлық өңірінде ерекше өтті. Бір жерде сәндік жарыстар ұйымдастырылса, енді бір жерде халқымыздың көне стильдері ел назарына ұсынылып, жалпы мәдени мұрамыз қайта жаңғырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Биылғы Наурыз сән әлемінің жастары үшін ерекше. Жамбыл атындағы филармонияда Ұлттық киім күніне арналған алғашқы фестиваль көпке мүмкіндік сыйлады. Құндылықды дәріптеуге арналған іс-шарада дизайн мамандығын оқитын студенттер ғана емес, осы салаға қызыққан барлық жас өнер көрсетті.

– Іс-шараны сайыс ретінде өткізбек болдық. Ақылдаса келе, фестиваль өткізуді жөн көрдік. Келесі жылы сайыс болады, – деді Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуәлиев.

Бүгін болған сән фестивалінде жастардан бөлек, ақ жаулықты әжелеріміз де өнер көрсетті. Қазыналы қарттар осы заманға лайық дәстүрлі киімдер топтамасын таныстырып, мән мағынасын жеткізді.

Айта кету керек, олар – халқымыздың мәдениетін шетелде де танымал еткен жандар.

– Мақтана кетсем, ешкім сөкпейтін шығар. Былтыр Қазақстан атынан 12 алматылық әже Италияның Милан қаласына барып, қазақтың ұлттық киімдерін паш етіп, көрермен көзайымы болдық, – деді  «Белсенді ұзақ өмір» орталығының «Алматы әжелері» ересек сәнқойлар тобының мүшесі Сәуле Мұқанова.

Ұлт мейрамын тойлаудың жаңа форматы аясында ұйымдастырылған фестивальде ұлтымыздың музыка мәдениеті де дәріптелді. Ал филармония Наурызға қатысты іс-шара легін осы 23 наурызға дейін жалғастырмақ.

Амира Еркінқызы

Оқи отырыңыз: Наурызнама: Алматыда заманауи қамшылардың тұсаукесері өтті