Наурызнама: Алматыда заманауи қамшылардың тұсаукесері өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Кеште Болат Бопайұлының «Адамзат рухы – қамшы» атты кітабын таныстырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Наурызнама онкүндігі аясында заманауи қамшылардың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Руна қамшы», «Таңбалы қамшы», қыздарға арналған «Ару» қамшы көпшілік назарына ұсынылды. Ал балаларға арналған «Білге» қамшыда қазақтың ән күйлері, аңыз ертегілері, жаңылтпаш, мақал-мәтелдері топтастырылған. Жаңа заманға лайықталған смарт-қамшыларға танымал өнер адамдарының әндері де енгізілген. Одан бөлек, мерекелік іс-шарада жасөспірімдерге арналған «Бас қамшы» әнінің ,«Алаң» ақпарат агенттігінің және «Жайлы» қолөнер бұйымдарының тұсауы кесілді. Түгел түркінің тарихи жадын жаңғыртып, баба мұрасын, ата дәстүрін ұлықтап, қазақтың рухын қамшылайтын кеште елге танымал әншілер жырдан шашу шашып, мерекенің көркін кіргізді.

– Қамшыны қазіргі ұрпақ мал айдайтын құрал ретінде түсінетін деңгейге жетті. Бұл енді бүкіл адамзатты атқа қондырған түркі баласы үшін, Ұлы дала баласы үшін ұят нәрсе. Сондықтан қамшының билік статусын, оның рух екенін, оның күш екенін, әр қазақтың төрінде тұруға тиіс қасиетті құндылық екенін көрсету үшін әртүрлі қамшы шығарып, оның деңгейін көтеруге тырыстық, – деді «Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш.

Ер азаматтың беделін танытып, рухын көтеретін қамшының қасиеті тереңде деген ұйымдастырушылар «Дүр қамшы» атты рухани-патриоттық кеште 10-нан аса ұлт нақышының тұсауын кесіп, Болат Бопайұлының «Адамзат рухы – қамшы» атты кітабын таныстырды. Туындыда қамшының 70-тен аса түрінің анықтамасы берілген.

– Қамшының тарихы өте ұзақ. Қазақ халқының бүгінге дейінге қолынан қамшы түспей келген. Мақсат – ерліктің, бірліктің, жауынгерліктің үлкен құралы болған қамшыны насихаттап, артымыздан еріп келе жатқан ұрпақтан ұлттық рухын ояту. Ұлттық идеология қалыптастыру. Нақты затты брэндке айналдырып, қамшының қасиетін ұрпаққа тарату үшін кітап жазылды, – деді кітаптың авторы, этнограф-ғалым Болат Бопайұлы.

Оқи отырыңыз: Ұлттық құндылықтар күні: Қастеев мұражайында тақырыптық көрме ұйымдастырылды

Новости партнеров