Биыл Әуезов ауданының құрылғанына 50 жыл толады

09.03.2022 23:32

Сондай-ақ қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толады

Almaty.tv

Биыл ғұлама ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл толады. Алматыдағы Әуезов ауданының құрылғанына да биыл 50 жыл толып отыр. Осыған орай бүгін Қазақстан жазушылар кітапханасында «Қазақтың ұлы жазушысы» атты ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

      

Жиынға әдебиеттанушы ғалымдар, өнер қайраткерлері мен мектеп оқытушылары қатысты. Қос мерейтойды кең көлемде атап өту мақсатында бір ғана Әуезов ауданының өзінде 45-тен аса іс-шара өткізу жоспарланған.  

«Енді осы шаралар аясында біздің ауданда қазіргі таңда көптеген мерекелік шаралар, конференциялар қарастырылған. Сол шаралар бастамаларының бірі – осы ұйымдастырылып отырған шара. Негізгі шараны, яғни ауданның мерейтойын біз 22 наурызда тойлауды жоспарлап жатырмыз», - деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Басқосуда Мұхтар Әуезовтың шығармалары мен баяндамалары оқылды. Жиналған жұрт ғұламаның шығармаларын өскелең ұрпаққа жеткізу мәселесін кеңінен талқылады.  

«Осындай жақсы әншілер, күйшілер, Мұхтар Әуезовтың шығармаларын, Абайдың шығармаларын жақсы білетін жастар келді. Көңіл толтыратын, ерекше мағынасы бар кездесу болды деп білемін», - деді мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов.