Алматы жылу маусымына 75 пайызға дайын

13.08.2020 в 23:34

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнамыздың Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде айтты

Алматы жылу маусымына 75 пайызға дайын. Қазір тиісті жасалатын жұмыстар жалғасып жатыр. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнамыздың Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде айтты. Құбыр жөндеу жұмыстары аяқталып, қазылған жол тегістелуде. Ал құбырларды гидравликалық тексеру қырқүйек айында аяқталады. Сондықтан, жылу уақытынан кешікпей беріледі деп сендірді мамандар. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Жадыра Омаржан жеткізеді.

Алматыда жаңа жылу маусымына дайындық көктемде жылу тоқтатылған соң келесі күні-ақ қайта басталады. Өйткені, уақыт тығыз. Осылай деген Алматы әкімі мәселе күнде назарда деді. Биыл да жылу әдеттегідей 15 қазанда беру жоспарланған. Әсіресе, көңіл әлеуметтік нысандарға бөлініп отыр. Егер ауа-райы күрт суытса, ерте бастауға да сақадай саймыз деді қала басшысы. Атқарылуы тиіс шаруалар пандемияға қарамастан тоқтамапты. Жұмыс штаттық режимде жүріп жатыр.

«Енді алдағы уақытта жылдағыдай бойынша қазанның 15 деп есептейміз ғой. Ал егер де суық ерте түсетін болса, онда ерте бастауымыз керек. Сол себептен қысқа 3-4 айдың ішінде бүкіл жоспарланған жұмысты жасап үлгеруіміз қажет. Бұл мәселені біз апта сайын әкімдікке қарап отырмыз. Бүгінгі таңда дайындық жұмыстарының 75 пайызы аяқталды. Жылу науқанына дейін негізгі шаруаның бәрі орындалады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Cондай-ақ, «Алматыжылужайэнерго» қазандықтарында және «Алматы электр станциясының» жылу көздерінде отын қоры жеткілікті. Биыл тіпті артығымен сатып алынған. Атап айтқанда, мазут 122 пайыз, ал көмір 233 пайызды құрайды. Қалада 2800-ге жуық абонент әлі газбен қамтылмаған. Өйткені үйлердің біраз бөлігі қалаға жаңадан қосылғандықтан ортақ желілер тартылмапты. Енді мәселе келесі жылы шешіледі. Себебі қалалық әкімдік халыққа 18 айға пайызсыз несиеге газ орнатып беруді көздейді.

«Көмірді сатып алу көлемі жыл сайын біздің топ базаларда төмендеп келе жатыр. Мысалы, осының есебінен топ базаның да саны да азайып жатыр. Былтыр 9 болатын болса, биылғы біреуі жабылып, 8 болды. Осы биылдық жылға біз 111 мың тонна көмірді алып жатырмыз. Тапсырыс бойынша. Сұраныс. Соның 70 пайызы негізінен облысқа тарайды. Мысалы, Қаскелең алып кетеді, Талғар алып кетеді. Өйткені оларда топ база жоқ», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, мамандар суды сынақтан өткізу кезінде анықталған ақауларды ретке келтіріп жатыр. Жылу трассаларындағы 460-тан аса жер жасалып бітті. Қалған 100-і бойынша жұмыс жалғасуда.

«Қазіргі уақытта қосымша айтып кетсек, Алматы жылу жүйелерінің мекемесімен 13 мамырдан бастап 20 қыркүйекке дейін сынақ жұмыстары жүріп отырады жылу желілерінде. Ол жұмыстардың бәрі 20 кыркүйекке дейін бітеді. Алдыңғы жылы 4 апат болды. Оның бәрі жұмыс уақытымен бітірілді. Тұрғындар уақытылы жылумен қамтамасыз етілді», – деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының бөлім басшысы Шоқан Аманжолов.

Мамандар жылу берілерде ауа температурасы ескерілетінін айтады. Алматылықтар жылу маусымында жылусыз, сусыз қалмайды деп отыр.

Жадыра Омаржан, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы