Алматы полиция департаменті ерлікпен қаза тапқан С. Әбілдаевтың отбасын биыл да назардан тыс қалдырмады

18.06.2020 23:34

Жанкешті әрекетке барған полицейлердің жарқын бейнесі қашанда есте

Аlmaty.tv

Ерлердің ерлігі ұмытылмайды! Алматының бас полицейі Қанат Таймерденов бастаған топ қызмет бабында көз жұмған әріптестерінің отбасына барды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақстан полициясы мерекесі қарсаңында елдің тыныштығы үшін басын бәйгеге тіккен тәртіп сақшыларын еске алу қалыптасқан дәстүр. Жанкешті әрекетке барған полицейлердің жарқын бейнесі қашанда есте.

Алматы полиция департаменті ерлікпен қаза тапқан Серік Әбілдаевтың отбасын жылда назардан тыс қалдырмайды. Биыл да марқұмның үш қызы мен жарына сый-сияпат әкеліп, көңілін аулады. Есте болса, 42 жастағы полиция сержанты 2016  жылы Алматыда Күлекбаевтың ұйымдастырған терактісіне тойтарыс беру туралы тапсырма алады. Кейін оқ жарақатын алып, 12 күн ауруханада ес-түссіз жатып қайтыс болды. Құқық қорғау саласында 23 жыл істеп, үш жылдан соң зейнеткерлікке шығам деп жүрген марқұмның артында 3 қызы қалған. Ол кезде ең кішісі бар-жоғы 1,5 жаста еді.

«Жоқ. Ұмытылмайды. Ер есімі – ел есінде. Әріптестері әр мереке сайын құттықтап келіп тұрады. Әкелерінің орнына әке болып, бала-шағамызды мерекеде көңілсіз қалдырмайды. Көңіл бөліп тұрады. Сыйлықтарымен келеді. Қуантады балаларымызды», – деді  полиция сержанты марқұм С.Әбілдаевтың жары Әсел Баймұхамбетова.

Әсел Баймұхамбетова қазір қалалық Полиция департаментінде өз мамандығы бойынша жұмысқа кірген. Мақсаты – қыздарын білімді, алғыр етіп тәрбиелеу. Антына берік, қызметіне адал барша полицейлерді алда келе жатқан мерекемен құттықтап, қиын жұмыстарына сәттілік тіледі.

«Полиция қызметкерлерінің қызметі өте ауыр, оны шыдай алатын ғана адам істейді. Нағыз мықты ер азаматтар ғана істей алады ол жұмысты. Тапсырма берілсе, күндіз демей, түн демей, қыс демей, жас демей, олар қызметтерінде жүреді», – деді  полиция сержанты марқұм С.Әбілдаевтың жары Әсел Баймұхамбетова.

«2006 жылдан 2015 жылға дейін Серікпен Әуезов ауданында бірге істедік. Патрульдік полиция полкынан еді. Серікті былай жақсы жігіт ретінде, тек жақсы жағын айта аламын. Жас қызметкерлерге өзінің біліктілігімен жақсы нұсқау беретін. Жақсы жігіт болатын», – деді  қалалық Полиция департаменті патрульдік полиция полкінің инспекторы Бекжігіт Әлжанов.

Жалпы 11 адамның өліміне себепкер болып, 7 адамды жаралаған Руслан Күлекбаевтің атысынан 20 шақты бала жетім қалды. Айта кетейік, қарулы шабуыл 2016 жылдың 18 шілдесінде болған еді.

Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы