Алматыда алдағы аптада қаланың 2040 жылға дейінгі Бас жоспарының жобасына қатысты қоғамдық тыңдау өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев биылғы алғашқы кездесуін Алатау ауданынан бастады. Жүздесу өткен жылы ғана қолданысқа берілген соңғы үлгідегі, заманауи жаңа мектепте өтті. Халық күрмеуі көп күрделі мәселелердің басым бөлігі шешіліп жатыр деп қала басшысына алғыс білдірді. Сөздерінше, олар бұл кездесуді асыға күткен. Өйткені, әлі де қойылатын сұрақтар бар.
«Мәдениет шағынауданда тұрамын. Үйім №196 мектептің жанында. Өткен жылдан бері үйді бұзу мәселесі шешілмеген», – деді тұрғын.
«Келесі аптада 25-27 қаңтар аралығында 2040 жылға дейін Бас жоспардың жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтеді. Онда шешімдер ұсынылады. Мен сізді жобамен жеке танысуға шақырамын. Құжатта Мәдениет шағынауданы мәселесі де көрсетілген. Алатау ауданының әкіміне ауданның белсенді тұрғындарын тыңдауға шақыруға тапсырма беремін», – деді Алматы қаласы әкімі Ерболат Досаев.
Одан кейін халықты алаңдатқан мәселенің бірі – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. Ел көңілінен шыққан тың бағдарламаның жабылып қалғанына олар алаңдаулы. Халық тегін үйірмелерге қатысуға мүмкіндік беретін «Арт спорт» жобасын қайта іске қосуды қалайды.
«Арт спорт» бағдарламасын енгізіп, жақсы болып еді. Алатау ауданында 23 ықшамаудан бар. Еш жерде музыка, спорт, қолөнер мектебі жоқ. Ал ол балаларды қалаға тасу мүмкін емес»,– деді тұрғын.
«Арт спорт» туралы QR код болады. Алматы қаласында өткен жылы 20 млрд теңге бөлдік. Оның ішінде 2,5 млрд теңгесін қолды болды. Тергеу ісі жүріп жатыр. Енді бала секцияға барғанда тексеру болады. Шынымен 1-2 сағат сабаққа қатысқанын көруіміз керек. Онсыз болмайды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев
Қала басшысына сұрағын еркін қойған халық автобустардың жайын да ашық айтты. Олар күннің қақаған суығында қоғамдық көлікті ұзақ күтетінін айтты. Мүмкіндік болса мәселені шешуді өтінді.
«Мен Қарасу шағынауданынан екінші рет келіп тұрмын. 125 және 26 маршрут туралы білгім келген», – деді тұрғын.
«Президенттің тапсырмасы бар. Биыл 300 автобус сатып аламыз. Бірақ мүмкіншілік болса, тағы қосымша 200 автобус алу жоспарланып отыр. Сол кезде қоғамдық көліктердің жүру интервалын азайтып, 8-10 минутқа дейін жеткізу керекпіз. Ол үшін бізге 500-600 жаңа автобус керек», – деді Ерболат Досаев.
Халықтың жанайғайын әкімдіктегілер жақсы түсінеді. Тек автобус санының аздығы мәселені толық шешуге қол байлау болып тұр. Дүйім елден кешірім сұраған мобилділік басқармасының басшысы кішкене сабырлық танытуды өтінді.
«125 маршрут бойынша июнь айына дейін жаңа автобус алып жатырмыз. 125 маршрутты толығымен жаңалап береміз. Сонымен қатар, 69 маршрутта қазіргі таңда 8 метрлік автобустар жүр. Оған да 10 метрлік автобустарды июнь айында қоямыз. 10 автобус жүру керек 125 бағытта қазір 6 автобус жүр. Мен сіздерден кешірім сұраймын. Жаңа автобустар келгенен кейін 12 автобус шығарып, интервалын азайтып береміз», – деді қалалық мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев.
Кездесуге 300-ден аса адам келді. Қала басшысы кезекке тұрған халықтың барлығын тыңдауға тырысты. Сондай-ақ жеке кеңес алам деушілер үшін қала басқармаларының өкілдері жауап берді. Оған қоса, жәшіктерге айтылмай қалған сұрақтарды жазып қалдыруға мүмкіндік болды.
Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы