Цифрлық эфирдің артықшылығы қандай?
Алматы толығымен цифрлық хабар таратуға көшті. Ал, дәстүрлі аналогтық желі тарих қойнауына енді. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев арнайы тетікті басып, телехабар таратудың заманауи үлгісін іске қосты. Жалпы цифрлық эфирдің артықшылығы қандай? Оған қосылу үшін нендей құрылғылар қажет? Тақырыпты Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жалғастырады.
Аналогтық эфирді өшіру рәсімі қала әкімінің қатысуымен «Көктөбе» телемұнарасында өтті. Еліміздегі ең биік мұнара тек Алматы аумағын ғана емес, жақын маңдағы 200 елдімекенді цифрлық сигналмен қамтиды. Онда Қазақстан бойынша телерадиохабар тарату желісін бақылау және мониторингтеу орталығы орналасқан. Мамандар қала тұрғындарының цифрлық форматқа дайындығын бақылап, аналогтық жүйені бір айдың ішінде кезең-кезеңімен өшіретін болады.
«Аналогтық жүйе енді бір айдай қатар жүреді. Сосын бір айдан кейін толығымен өшіріледі. Аналогтық жүйеге кейбір үлгере амаған кісілер солардың сигналын қарап, сосын өшіріледі», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ басқарма төрағасы Асқар Нұрымжанов.
Ал, республика бойынша цифрлық жүйе арқылы хабар тарату кезең-кезеңімен 2012 жылдан бастап жүзеге асып келе жатыр. Бүгінде Маңғыстау, Қостанай, Түркістан, Павлодар, Жамбыл және Алматы облысының тұрғындары сапалы телевизиялық контентті тамашалауда. Қазір халықтың 91 пайызы цифрлық хабар таратумен қамтылған. Ал, жалпы Қазақстан бойынша аналогтық эфирді өшіру осы жылдың соңына дейін аяқталады. Цифрлық стандарт отандық телеарналардың хабар тарату үлесін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
«Қазіргі күнге 546 радиотелевизиялық станция бүкіл Қазақстан бойынша істеп тұр. Жоспар бойынша 82 радиотелевизиялық станциялар қосылады. 2022 жылы толықтай Қазақстан цифрлық эфирлік телевизияға көшіріледі деп жоспарлап отырмыз», – деді «ҚАЗТЕЛЕРАДИО» АҚ Алматы облыстық филиалының директоры Қайсар Раздықов.
Енді алматылықтарға жоғары сапарлы 30-ға жуық отандық телеарна қолжетімді. Сондай-ақ, заманауи желінің арқасында тіпті шалғайдағы тұрғындар да телеарналарды HD форматта тамашалай алады. Ол үшін жаңа қабылдағыш пен антенна сатып алу керек. Екеуінің нарықтағы бағасы шамамен 5 мың теңге шамасында. Ал, телеарналар үшін кабельдік операторға ақша төлемейсіз.
Айта кетейік, цифрлық телехабар тарату желісінде алматылықтар біздің телеарнаны 9 каналдан, елордалықтар 17 каналдан, ал қалған өңірлер 18 каналдан тамашалай алады. Otau TV отандық желісінде біз 17 каналдамыз.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы