Жетісу ауданының әкімі "Рахат" базарына қатысты дауға нүкте қойды

Almaty.tv
Almaty.tv
Жер мемлекет иелігіне тиесілі
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда "Рахат" базарының кәсіпкерлері өздері жалға алып отырған сауда орнының сүрілуіне қарсы, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі.


Саудагерлердің сөзінше, базарды босатуға бір ай уақыт беріліпті. Өйткені жер телімін жалға алу туралы келісімшарт уақытылы созылмаған. Ал жергілікті әкімдік өкілдері сауда орындарын үлестіріп отырған компания кәсіпкерлерге дұрыс бағыт бермей, елді босқа дүрліктіріп отыр дейді.

«Шығуға бір ай уақыт берді. Үш күн бұрын. Кетпесек сүрілетінін айтып, жарықты өшіреміз», – деді кәсіпкер Тамара Жұмандықова.

«Орынды босатпасаңдар, күштеп көшіреміз» деген әкімдік өкілдеріне "Рахат" базарының 140-тай кәсіпкерінің өкпесі қара қазандай. Базар жуық арада сүрілетін болғандықтан, жауаптылар оларды өзге орындарға осылайша көшіруге кіріскен.

Жұрт базардың сүрілуіне үзілді-кесілді қарсы. Осы жерде жиырма жылдан бері сауда жасап, тұрақты тұтынушы тартып үлгерген кәсіпкерлер басқа жаққа ауыссақ, нәпақамыздан айырыламыз дейді. Оның үстіне әкімдік ұсынып отырған орындар ыңғайсыз әрі жалға алу құны қымбат.

«Бізге орын береді, бірақ жертөледе. Онда кім барады, жөндеу жұмыстарын жасау керек. Бірақ бір жылдың ішінде сатып алу керепіз. Онсыз да сауда жоқ», – деді кәсіпкер Тамара Жұмандықова.

«Бізге одан кейін мына көршілес нысанға кіріңдер деді. Негізі оны сатып алуымыз керек. Біздің ондай шамамыз жоқ. Күнделікті нәпақаны әрең  тауып отырмыз. Біздің талабымыз осында қалдырса екен», – деді кәсіпкер Әділжан Нәсіреддинов.

Бұл дау 2018 жылдан бері созылып келеді. Мұндағылардың сөзінше, «ТКМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 97 соттық жерді жалға алу туралы келісім-шартты созбақ болған. Алайда ол кезде әкімдік учаскені санитарлық аймаққа жатады әрі өзен бойында орналасқан деп танып, арызды кейін қайтарған. Есесіне 2019 жылы базар «Алматы СРS» атты жиһаз жасайтын фабрикаға өткендігі белгілі болыпты.

«2019 жылы маусымда жалға алу мерзімі аяқталды. Жер кодексіне сәйкес «ТКМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестік  жалға алу мерзімін ұзарту туралы арыз берді. Бірақ Алматы қаласының әкімдігі жер кодексінің 37, 43 баптарын қатаң түрде бұзып, құқықты жоққа шығарып, мерзімдерін жоққа шығарып, басым құқыққа негіз бермей, заңсыз бұл жерді мынау «Алматы СПS-қа» беріп жіберген», – деді заңгер Бақытжан Базарбек.

Ал Жетісу ауданы әкімдігі «ТКМ» компаниясының өкілдері кәсіпкерлерді дұрыс ақпарат бермегенін айтады. Әкімдіктің берген мәліметінше, бұл компанияның учаскені жалға алу мерзімі 2018 жылы аяқталған. Мекеме жер телімін жалға алуды ұзартуға уақытылы жүгінбеген. Сондықтан да әкімдік жерді "Almaty CPS" ЖШС-не инвестициялық жоба ретінде 4 жылға беріпті. Бұл шешімге қарсы сотқа шағым түскен соң, жалдау шарты бұзылып, сот дауды тоқтату үшін жерді мемлекет иелігіне қалдырған.

«ТКМ» компаниясы үш жылдан бері саудагерлерден жалға алу төлемін заңсыз алып отыр. Ол аздай, компания сондағы кәсіпкерлерді сот әне-міне бітеді деп адастырып, дұрыс бағыт көрсетіп жатқан жоқ. Себебі сот олардың арызын 2019 жылы кері қайтарған. Одан кейінгі сот процестері «ТКМ» компаниясына қатысты болған жоқ. Тек жиһаз фабрикасы арасында ғана өтті», – деді Жетісу ауданының әкімі Гүлнәр Көкебаева.

Осы ретте аудан әкімдігі кәсіпкерлерді сауда орындары қымбат әрі ыңғайсыз болады деп алаңдамауға шақырды. Олардың мүддесін сақтау мақсатында көрші базарлардың директорлары шақырылып, оларға төлемдердің қолжетімді болатынына кепілдік беріледі. Ал базар сүрілген соң, оның орнына не салынатыны әзірге белгісіз.

 Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров