Сұрақ-жауап: Қайрат ықшамауданында емхана салу жоспарланып отыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Қала әкімімен кездесуге 350-ден аса адам келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түрксіб ауданына қарасты төменгі Пятилетка шағынауданының тұрғындары жөндеу  жұмысы әлі аяқталмағанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әкімдік кәріз жүйесін жүргізіп, су құбырларын ауыстырады дегенді естігенде шын қуанған. Айтып ауыз жиғанша жұмыстар мамыр айында басталып кеткен. Қаншама жылдан бері ойық көшемен жүрген халық тақтайдай тегіс жолды аңсайды. Тек қазылған жердің шаңы көкке көтеріліп, жұртты әбден әлекке салған. Дүйім ел жаз бойы үйге қамалып, таза ауа жұтудан қалдық деп налыды. Көршілер бірігіп, шаңды басу үшін өздері көшеге су сеуіп жүр.

«Шаң көтерілгенде дем ала алмай қаламыз. Аллергияға бейім жандар үшін қиын болды. Менің анамның демікпе ауруы бар. Жаз бойы қиналып кетті. 2 балам асыр салып ойнағысы келеді. Бірақ далаға шығармаймын. Есік-терезені қымтап, үйде отыратын болдық. Мұндай жағдай –  бір бізге ғана емес, осы маңдағы тұрғындарға ортақ. Тезірек шешілсе екен деп тілеймін», – деді қала тұрғыны Маргарита Бугаева.

Бүгін басындағы базынасын арқалап, Маргаританың анасы Түрксіб ауданында өткен қала басшысымен кездесуге барды. Мақсаты – Урицкий көшесіндегі 50 шақты үйдің мәселесін жеткізу. Өйткені, жақын маңда № 85 мектеп орналасқандықтан алда жаңбыр жауса, оқушыларға білім ордасына жету қиын болады.  Ал сұрағын Алматы әкімі Ерболат Досаев шешімсіз қалдырмады. Оның айтуынша, төменгі Пятилетка шағынауданында жұмыстар 2023 жылы толық аяқталады. Қазір халықты су және кәріз құбырымен қамту 40 пайызға жасалған. Жұмыс аяқталса, ондағы жұрт орталықтандырылған жүйеге қосылады.

«Нөмірі № 85 мектепке дейінгі жолды реттеуге аудан әкіміне тапсырма бердім. Көшеге асфальт төсейтініміз анық. Бәрін реттеп, көктемде қазбайтындай сапалы етіп жасауымыз керек. Ал балалар үшін тротуар жасау жолын ойланыңыздар. Күз-қыс мезгілінде жүруге ыңғайлы болатындай етіп, уақытша схема жасау керек», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кездесуде көтерілген маңызды мәселелердің бірі – емхана. Мәселен, Қайрат ықшамауданында медициналық көмек көрсететін заманауи мекеме жоқ. Халық дәрігерлерге қаралу үшін басқа жаққа сабылуға мәжбүр екен.

«Бізде емхана мәселесі. Біз №28 емхананың ескі филиалына қараймыз. Анализ тапсыру керек болса, мамандарға қаралу керек болса, Жас қанаттың поликлиникасына барамыз. Заманауи емхана болса, екіншіден, қатты жаңбыр жауып, жел тұрса электр жарығы  өшіп қалады. Сәйкесінше, тұрмыстық техника, басқа дүниелер күйіп кетеді», – деді тұрғын

«Тұздыбастаудағы жұмысты аяқтайық. Келер жылдың  соңына дейін өткізейік.  12 мың  тұрғынның  сұрақғы шешіледі.  Анализ тапсырумәселесіне қатысты тапсырма берейін. Қазанның соңына шейін жолын табайық. Учаскенің көмегін берсін. Иран Маратович естіп отырсыз ба мені? Қазанның соңына дейін сұрақтарды шешіңдер», – деді Ерболат Досаев.

«Қайрат ықшамауданында емхана салу жоспарланып отыр. 2023 жылы емхана жоспарда бар. Анализдер тапсыру мәселен қалпына келтіруге тырысамыз. Учаске бойынша тиісті халықтың санына сәйкес уақытылы қабылдауын қамтамасыз етеміз», – деді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Иран Шәметеков.

Аудан тұрғыны көтерген елді-мекендегі жарықтың үнемі сөніп қалуына желілердің тозуы мен қуаттың жетіспеуі себеп болған. Мәселені шешу үшін қала әкімі Ерболат Досаев «Тұздыбастау» стансасының құрылысы басталғанын айтты. Нысан 2023 жылы пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Әлмерек пен Қайрат ықшамаудандарында электр желілерін жаңарту да жоспарда бар. Айта кетейік, кездесуге 350-ден аса адам келді. Ал сұрақ қойып үлгермегендер мәселелерін қағазға жазып, жәшікке қалдырды. Жадыра Омаржан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров