|
21.03.2022 | 18:46
750

Наурызбай ауданында 18 киіз үй тігіліп, өзара байқау ұйымдастырылды

Ауданның әр мекемесі ауыл аттарын қойып, салт- дәстүрімізді жан-жақты көрсетуге барын салып жатыр

Наурызбай ауданында 18 киіз үй тігіліп, өзара байқау ұйымдастырылды Almaty.tv

Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу аясында Наурызбай ауданында 18 киіз үй тігіліп, өзара байқау ұйымдастырылды. Ұлттық ойындар жарысы өтіп, мол дастархан жайылды. Жыл жаңаруын ежелгі дәстүр бойынша атап өткен Наурызбай ауданының той-думанына Almaty.tv тілшісі қатысып қайтты.

Жаңару мен жаңғыру мейрамына тұрғындар ерекше дайындалыпты. Қаз қатар тігілген киіз үй арасында өзара жарыс ұйымдастырылған. Арнайы құрылған комиссия олардың ұлттық нақышқа сай көркемделуін, дастарханның безендірілуін және салт-дәстүрді көрсетуін бағалады. Жеңімпаздарға бағалы сыйлық әзірленген.

Наурызбай ауданында 18 киіз үй тігілген. Ауданның әр мекемесі ауыл аттарын қойып, салт- дәстүрімізді жан-жақты көрсетуге барын салып жатыр. Мысалы Атамекен ауылы тұсау кесу дәстүрін таңдапты.  

«Атамекен ауылы аясында Aisaf-Almaty гимназиясының ұжымы тұсаукесерді таңдап алдық. Өйткені біздің ұжымда да жас аналар көп. Олар балаларының тұсауын кесеміз деп ниеттенді. Сондай-ақ бәрімізге белгілі, әр жылы осындай тойда көптеген ата-ана балаларының тұсауын кесуге алып келеді. Өзіміз де бүгін соның куәсі болдық. Қаншама баланың тұсауын кестік», - дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Айша Ахметова.

Наурыз – қазақтың мәдени мұрасы ұлықталып, ұлттық құндылықтарымыз ерекше дәріптелетін мейрам. Оған нағыз қазақ батырлары күзетіп тұрған ерекше безендірілген киіз үйлер дәлел. Одан бөлек таз ит, бүркіт те әкелініпті. Ал іште мол дастархан жайылып, көпшілікке ұлттық тағамдар ұсынылды.

Ұмай ана ауылы ежелгі ерекшеліктердің бәрін сақтап, өзінің киіз үйін тігіпті. Мұнда қазақы салт-дәстүріне тән нәрсенің бәрі бар. Ілінген домбыра, жиналған құрақ көрпе, сандық, тіпті көз тимесін деп арнайы ілінген үкіні де көрдік.

Мұнда халыққа арнап меркелік концерт қойылды. Аудан әкімі арнайы сөз сөйлеп, тұрғындарды құттықтады. Ал жиналғандар үшін спорттың 10 түрінен жарыс ұйымдастырылған. Мақсат – ұлттық құндылықтарды дәріптеу дейді ұйымдастырушылар.

«Арнайы сиыр мен ешкі алып келіп, сиыр мен ешкі сауудан арнайы жарыс ұйымдастырамыз. Сонымен қатар қазақтың баяғы спорт түрі – қошқар көтеру өтті. Ең көп қошқар көтергендер сол қошқарды алып кетеді. Енді бүгінгі шараға бір 10 мыңнан аса адам қатысады деп жоспарланып отыр. Халықтың көңіл-күйі керемет», - деді Наурызбай ауданы әкімінің орынбасары Мирас Нысанәлиев.

Мұндай той-думанды сағына күткен халықтың көңіл-күйі көтеріңкі. Мәз-мейрам болған тұрғындар ұйымдастырушыларға ерекше алғысын жеткізді.

«Ел де еңсесін көтеріп, жайбарақат жан-жағына қарап, басын көтеріп, бір жасап қалғандай. Кешегідей көңіл тоқ күндері оралғанын сезіндік. Енді осында шуақты күндеріміз мол болсын!» - деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Секен Тұрысбеков.

«Ұлттық киімдерді көріп, өзім кимегеніме біртүрлі болып тұрмын. Керемет! Ауданымызда киіз үйлер құрылып, ән шырқалып, керемет болып жатыр. Сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осыны көргеніме бақыттымын», - деді Наурызбай ауданының тұрғыны Гүлфарида Байғалиева.

«Маған киіз үйлер ұнады. Ұйымдастыру жағы керемет болған. Наурызбай ауданы әкімдігіне алғыс айтамын! Өзіме ұнап жатыр», - дейді Наурызбай ауданының тұрғыны Клара Тілеуова.

Әз-Наурызды қазақ халқы ежелден-ақ жаңару мен жасарудың нышаны, дүниеге көрік берген шырайлы жыл басы деп құрметтеген. Береке-бірліктің, теңдіктің, қайта түлеудің тойын Наурызбай ауданы ерекше атап өтті. Бұл шара асыл құндылықтарымызды тағы бір еске салғаны анық.

Жанар Ғаниқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир