Алматының Наурызбай ауданында дәрі-дәрмекті қымбат сатқан дәріхана анықталды

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv
Мониторингтік топ дәріханаларды күнделікті бақылап отырады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының дәріханаларында дәрі-дәрмектің бар-жоғын және бағаcын бақылау жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгін Наурызбай ауданы бойынша әлеуметтік маңызы бар препараттарды қымбаттатқан 12-дерек тіркелді. Мониторингтік жұмыс барысын Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін көріп келді.

Бүгін арнайы мамандар кезекті рет дәріханаларды тексеруге шықты. Наурызбай ауданында орналасқан бірнеше дәріханаларға біз де бірге бас сұғып көрдік. Бақылау тобы тізімдегі ең қажетті деген дәрілердіің бар-жоғын сұрап, бағаларын тексерді. Белгілі болғандай, бұл дәріханада барлық талаптар сақталған сыңайлы.

«Бағаларды төмен қоямыз. Біз де халықпыз ғой. Енді өзіміздің дәріхана болғаннан кейін, өзіміз жұмыс істеп жатқаннан кейін. Анау 84 жылдан бері жұмыс істеймін. Көп қосудың қажеті жоқ. Халық қысылып жатыр, көмек беруіміз керек халыққа», – деді дәріхана өкілі Күлсімхан Изенбаева.

Ал мына дәріханада жағдай басқаша. Тексерушілер бұл жерден заң бұзушылықты анықтады. Бұған дейін әлеуметтік маңызды дәрілердің тізімі дәріхана иесіне берілсе де, әкімдік тарапынан қымбаттатып сатпау керектігі ескертілсе де, кейбір препараттар шектік бағадан асып кеткен.

«Барлық препарат бізде арзан бағада сатылады» деген дәріхана өкілі неліктен аталмыш дәрі 90 теңгеге қымбат екенін айта алмай абдырап қалды.

Дәріхана иесінен түсініктеме алынып, енді бұл деректер қалалық фармацевтикалық қызметті бақылау бөліміне жіберіледі. Бұл – олқылық Наурызбай ауданында тіркеліп отырған 12-дерек.

«Жаңағы бағаны Дәрі.кз құрылғысымен тексерген кезде 100 теңгеге, 3000 теңгеге сондайға көбейген жағдайлар болған. Ол фактілердің бәрі рапорт жазылып, бәрі тексеріліп біздің қалалық департаментке материалдар түгел берілді. Олар бізде қалалық департаментта сондай фармконтроль деген бөлім бар. Солар бақылауға алады да содан кейін айыппұл салады», – деді Наурызбай аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әнел Мұсаева.

Әйтсе де дәріхана өкілдері дәрі-дәрмекті барынша толықтырып отыруға тырысамыз дейді.

Жалпы Наурызбай ауданы бойынша 41 дәріхана бар. Мониторингтік топ дәріханаларды күнделікті бақылап отырады.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы


Новости партнеров