Алматыда мұқтаж отбасылар мен зардап шеккен әскерилерге қолдау көрсетіліп жатыр

Almaty.tv
Almaty.tv
Кәсіпкерлер 5 қаңтардан бері 1 мыңға жуық отбасыға ақшалай және азық-түлікпен қолдау білдірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ел басына ауыр күн туғанда мұқтаж жандарға мейірімділік таныту – жомарттықтың белгісі. Алматылық кәсіпкерлер жағдайы нашар отбасылар мен зардап шеккен әскерилерге және жалғызбасты қарияларға қолдау білдіріп, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруда. Қажетті азық-түлікке толған себеттерді тарату науқанына Алмалы аудандық «Нұр Отан» партиясы мұрындық болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Алматылық кәсіпкерлер 5 қаңтардан бері жағдайы нашар мыңға жуық отбасыға ақшалай және азық-түлікпен қолдау білдірді. Игі бастама бүгін де жалғасын тауып, нан мен май, ұн, макарон өнімдері, көкөніс толтырылған себеттер мұқтаж жанұяларға таратылды.

«Елдің басына қиын-қыстау заман туған кезде біз де елімізге, халқымызға болысып, бір көмек жасағымыз келеді. Мемлекет басшының айтқан үндеуіне орай біз де қолымыздан келгенше көмектесіп, қарайласып, бірқатар қайырымдылық акциясын өткізіп жатырмыз», – деді «Nur Оtan» партиясының мүшесі, кәсіпкер Бауыржан Қайыңбай.

Алмалы аудандық «Нұр Отан» партиясының бастамасымен бизнес өкілдері бұған дейін зардап шеккен әскерилер мен зейнеткерлерге де ыстық тамақ таратқан еді. Төтенше жағдай кезінде қатты қиналған 82 жастағы жалғызбасты кейуана бүгінгі қолдауға мың алғыс білдірді.

«Мен зейнеткермін. Бірақ қаңтардың зейнетақысын әлі алмадым. Өйткені бұзақылар банктерді қиратып кетті. Сондықтан қиналып қалдым. Сіздерге үлкен рахмет!», – дейді зейнеткер Нелля Хасанқызы.

Ал 55 жастағы Алмалы ауданының тұрғыны басында бірнеше кредиті бар екенін жасырмады. Одан бөлек, отбасын асыраушысы жалақы ала алмай, ас-тағамсыз қалған. Сондықтан көмекке жүгініпті. 

«7 жыл болды, үйдемін. Кішкентай немеремнің денсаулығы жоқ. Аутизм диагнозы қойылған, соны арнайы балабақшаға тасимын. Бір қызым ауырып, айлығынан айырылып қалды. Сонымен көмек сұрап барған едім», – дейді тағы бір тұрғын Гүлмира Нашкенова.

Кәсіпкерлер тәртіпсіздік кезінде жалғызбасты қариялардың қауіпсіздігін де ойластырдық дейді.

«Жалғызбасты зейнеткер кісілер бар. Қарауы жоқ сондай кісілер тұратын 35 үйге күзет қойдық. Өзіміздің тарапымыздан, өзіміздің компанияның қызметкерлері жұмыла кірісіп, күзет қойдық., Жағдайдың қандай болғанын білесіздер. Елде үйлер, дүкендер тоналып жатты. Сол себепті қарт кісілер сондай жағдайға душар болмасын деген ой болды», – деді «Nur Otan» партиясының мүшесі, кәсіпкер Сабыржан Зайнидинов.

Жеке кәсіпкерлер зардап шеккен шағын бизнес иелеріне де қолдау білдіру мақсатында ақша аударымдарын жүзеге асырған. Осылайша, Мемлекет басшысының үндеуін қолдаған жомарт азаматтар қайырымдылық науқанын алдағы уақытта да жалғастырмақ.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров