Биылғы жазда 10 шақты саябақта кітап дүңгіршектері орнатылып, мәдени орта қалыптастырылмақ
Алматыда «Жарқын жаз» жобасы бастау алды. Оның негізгі мәні ‒ жөндеуден өткен саябақтардың бәрінде кітап дүңгіршектерін орнату. Әзірге көшпелі кітапхана тек Алмалы ауданындағы Мұқағали Мақатаев атындағы саябақта ашылды. Жастарға рухани азық болатын кереметтей шара ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап өткізілді, деп хабарлайды almaty.tv тілшісі.
Қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бірлесуімен «Жарқын жаз ‒ 2021» жобасының ашылу салтанаты өтті. Ашық аспан астында, саябақтың саясында көшпелі кітапхана орнату ‒ балалардың ой-өрісін кеңейтуге, кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыруға, балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына мол мүмкіндік береді. Жас оқырмандар карантиндік талаптарға сәйкес, кітапхананың ішіне көп адам кіре алмйтын еді деп, мұндай игі бастаманың артықшылықтарын сөз етті.
«Осындай саябақтарда таза ауада кітап оқыған бізге тиімді. Оның үстіне таза ауада кітап оқудың пайдасы айтпаса да белгілі. Адам ойын жинақтап, өзін еркін сезінеді. Кітапхананың аты кітапхана, ол жерде өзінің ережелері бар, одан оқырман қысылуы мүмкін деген сияқты. Ал ашық аспан астында дәл осындай шаралар көптеп ұйымдастырылса, біздей жастардың, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығы артады», ‒ деді студент Нұрлыған Жұмахан.
«Жарқын жаз» жобасын қолдауға Қазақстан Жазушылар одағы атынан арнайы келген ақын Бақыт Беделхан ашық алаңда аспанға қарап отырып кітап оқудың өзі бір бақыт, дейді. Бүкіл оқушы жазғы демалысын дәл осындай алаңда өткізсе екен деген ойын айтты.
«Балаларымыздың, оқушылардың өзі онлайн оқудан шаршай бастаған кезде, жазғы демалыс уақытында осындай ашық алаңдағы кітапхана жобасы тамаша шешім дер едім. Құдай қаласа бұл шара маусым, шілде, тамыз айларына дейін жалғасады деп отыр. Алматы қаласының әр аудан, ықшам аудандарында осындай алаңқайлар көп. Керемет бау-бақшалар жетерлік. Соның әрқайсысына көшпелі кітапхана жүріп отырып, балаларды жиып, тыңдатып, кітапқа қызықтырып, таза ауада серуендеп, бір-екі ауыз сөз оқудың өзі балалар үшін бақыт деп ойлаймын», ‒ деді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын-драматург Бақыт Беделхан.
Алдағы уақытта көшпелі кітапханалар аясын кеңейту көзделген. Қазір осындай 4 кітапхана дүңгіршегі дайындалып жатыр.
«Жоспарымызда биылғы жазда 10 шақты саябақта осындай дүңгіршектер орнатып, халыққа мәдени орта қалыптастыру ойымызда бар. Әр саябаққа 1 кітапхана бекітілген. Өзінің негізгі жұмысымен қоса, кітапханашы мамандар сол саябақта қосымша жұмыс атқарады», ‒ деді Алмалы ауданының әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова.
«Жарқын жаз» жобасының ашылу салтанатында жастар шахмат, кесте тігу, сурет салу сияқты басқа да түрлі ойын - сауықтарға қатысуға мүмкіндік алады. Әсіресе, балалар мен жасөсіпірімдерге арналған кітаптар жан-жақты насихатталады.
Сая Меңдеке, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы