Алматыда infokazakhstan.kz сайтына базарлар мен сауда ойын-сауық орталықтарынан аудиттен өтуге шамамен 100 шақты өтініш түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ірі нысандар әзірлік бағалауынан өтуге және санитарлық талаптарға сәйкес екенін дәлелдеуге асық. Олардың қатарында, алаңы 2000 шаршы метрден асатын сауда ойын-сауық кешендері және көтерме/бөлшек сауда нысандары бар. Бүгінде 81 нысанға қызметін бастауға рұқсат етілсе, 15-іне ескерту жасалып, оларға қателіктерді жоюға қосымша уақыт берілген. Қала әкімдігі кәсіпкерлерге мән беруі керек бірнеше талапты атады.
«Ең алдымен әлеуметтік арақашықтық үшін, еденге белгіленген белгілерді, санитайзерлерді, стационарлық және қол-дене қызуын тексеретін құралдардың бар-жоғы тексеріледі. Үздіксіз ауа беріп тұру үшін ауа тазартқыш жүйелерін мен салқындату жүйелеріне тексеру жүргізіледі», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықов.
Мемлекеттік бас санитариялық дәрігерінің соңғы қаулысына сәйкес, нысанға келушілердің бір жолғы ауқымының 30 пайызына ғана рұқсат етіледі. Оған қоса, қызметкерлер міндетті түрде медициналық қолғап, бетперде тағып жүруі тиіс. Сондай-ақ, әрбір бутиктердің кіреберісінде келушілер үшін ақпарат тұруы керек. Санитариялық талаптардың толық тізбесін infokazakhstan.kz сайтынан қарауға болады. Айта кетейік, нысандардың жұмысқа әзір екендерін арнайы комиссия келіп тексереді. Жалпы қала бойынша 134 сауда нысаны аудиттен өтуі керек. Тазалық сақшылары мына мәселелерге мән беруге шақырды.
«Талаптардың бұзылуы орын алып отыр. Ол жаңағы әлеуметтік арақашықтық стратегиясы бойынша сосын маска режимін сақтамау, сонымен қатар қойылатын белгілер, краскі жоқ. Сонымен қатар, жаңағы пайдаланылған маскілерді жинайтын утилизация дейді, соған жинайтын қорапшалардың болмауы. Осындай талаптар бұзылып отыр», – деді қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Иксан Көбеев.