Алматыда тарихи ғимараттардың сәулеттік келбетін қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. Биыл қала билігі тек ескерткіш емес, шаһар тұрғындарының сүйікті орнына айналған ғимараттарды да жаңғыртуды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қаланың тарихи келбетін сақтау ескіні есіркеп, жаңаны жолатпау деген ұғым емес. Шаһардың мәдени мұрасын жаңғыртуда сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру маңызды. Алматының өткенінен сыр шертетін нысандар азайып, кейбірі мемлекет меншігіне өтіп кеткен. Мегаполистің тарихи бейнесін сақтау – өткенге құрметпен қараумен пара-пар.
Сағат сырғып, жылдар жылжыған сайын заманға сай сән түзеген ғимараттардың бой көтеруі заңды. Өткен ғасырдың 20-жылдары шаһардың тарихи орталығында «Алматылық стиль» пайда болды. Сол келбетті сақтап қалу үшін мегаполисте сәулетшілер, урбанистер мен қала құрылысшылары қарқынды жұмыс атқарып жатыр. Мәселен жарты ғасырлық тарихы бар «Аққу» дәмханасы күзде қайта бой көтереді. Кезінде зиялы қауым өкілдері жиі бас қосатын орын қаламгерлерге де шабыт беріп келген.
– Ол 1950-60 жылдары салынған. Қалалықтардың жиі келетін сүйікті орны болды. Сол дәмханада көп азаматтың ыстық естелігі қалғаны белгілі. Түрлі кездесу өтті, – деді Алматы сәулетшілер одағының басқарма төрағасы Сергей Мартемьянов.
Қайта қалпына келтіру жобасына жауаптылар «дәмхананың тарихи келбеті сақталады» дейді. Ол үшін тамақтану орнының мұрағаттағы эскиздерін пайдаланып жатқанын айтты. Заманауи құрылыс жүргізу тәсілдері мен қауіпсіздік шаралары да ұмыт қалмаған.
– Тарихи құжаттарды қарадық. Әр кезеңде кафенің суреттерін көрдік. Тарихи келбетін сақтап қалуға тырысып, заманауи жаңа дизайнмен, жаңа құрылыс заттарын қолдана отырып, жобаны жасадық. Сол жоба бүгін іске асырылып жатыр, – деді Инвестициялық компанияның қоғаммен байланыс жөніндегі директоры Батырхан Қуатбек.
Тарихи маңызы бар ғимараттарды сақтау – ескілікті аңсау емес. Бұл – өткеніңді бағалау һәм ұмытпау.
Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Қаныш аға осындай еді: алматылықтар көрнекті ғалымды еске алды