Шомылу маусымы: Алматыда қай жерлерде суға түсуге болмайды

Шомылу маусымы: Алматыда қай жерлерде суға түсуге болмайды
Шомылу уақыты Алматыда 1 маусымда басталады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда суға түсу маусымы басталмай жатып шомылып жүргендер бар. Олардың қауіпсіздігіне кім жауапты? Күн ысыса, өзен жағалайтын жұртқа құтқарушылар қандай кеңес береді? Жалпы қалада қай жерлерде суға түсуге болмайды? Су қоймаларын түгендеп келген Almaty.tv тілшісі  Ұлағат Арғын айтсын.

Жаз басталып, күн ысыса, төтеншеліктер мен құтқару қызметінің жұмысы көбейеді. Себебі демалысқа шыққан бала мен жанға сая іздеген тұрғындар өзен-көлді жағалайтыны белгілі. Шомылу уақыты басталмай жатып, Сайран көліне түсіп жүргендер кездесті. Көпшілігі мектеп жасындағы балалар.

Блиц:

- Біз жай қыздырынып отырмыз, суға түскен жоқпыз.

- Бұл жерге сирек келемін. Балалардың суға шомылып жүргенін байқаймын. Бірақ терең емес қой. Оның үстіне су қоймасына су толық жіберілген жоқ.

Бұл – Теректі шағын ауданындағы жасанды су қоймасы. Есте болса, осыдан бір жыл бұрын осы маңайда ойнап жүрген 14 жасар мектеп жасындағы 3 бала суға кетіп мерт болған еді. Арада осынша уақыт өтсе де, төтеншеліктер айналаны қоршап, қауіпсіздік шараларын жасауға асықпайтынға ұқсайды. Өздеріңіз көргендей, ескерту тақтайшалары мен хабарламалар орнатылғанын байқамадық.

Аумақты күзетушінің айтуынша, бұл жерге жасырынып суға түсуге келетін балалар көп екен. Қала аумағында осындай 26 су қоймасы бар. Арнайы шомылуға рұқсат етілген орын тек төртеу. Олар: Үлкен Алматы каналындағы Бауым тоғайы мен Гүлдер саябағы және Сайран көлі. Төтеншеліктердің хабарлауынша, шомылу уақыты Алматыда 1 маусымда басталады.    

«Қалада суға түсу кезінде қауіпсіздік шаралары басталды. Былтыр топтық жұмыстар нәтижесінде суға кету фактісі тіркелмеді. Ал, 2019 жылды алар болсақ құтқарушылар 65 адамның өміріне араша болды. Оның 36-сы балалар. 8 адам суға батып қайтыс болды. Бұл ретте ата-аналарға сақ болуларын ескертеміз», – деді қалалық ТЖД бастығының орынбасары Ерлан Әлібеков.

Осыдан екі апта бұрын Ақтөбеде бір отбасы қара жамылған еді. Ойынға кеткен ағайынды екі бала ауыл шетіндегі арыққа барып, суға батып кеткен. Ал, қандай да бір төтенше жағдай орын алса қала тұрғындары 102 мен 112 шұғыл нөміріне хабарласуы қажет.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров