Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының тікелей эфирінде мегаполистің экономикалық саясаты, инвестицияларды тарту және дамудың тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қалалық экономикалық саясаттағы қолданылған әдістер бизнесті жүргізуге жайлы қала құруға мүмкіндік берді. Бұл таңдалған стратегияның дұрыстығын тағы да растайды, мұнда қала дамуының басты драйвері – бизнес пен адамдар.
Қала басшысының айтуынша, әлемдегі ең жақсы 100 қаланың қатарына кіру үшін Алматының экономикасы жылына кем дегенде 5%-ға өсуі керек. Ол үшін өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға басымдық беріледі.
«Алматы-2050» Стратегиясында қойылған мақсаттарды іске асыру мегаполиске алдағы 30 жылда өмір сүру сапасы жоғары, экономикасы табысты,қауіпсіз, экологиялық таза және көгалдандырылған, өзіне инвестициялар мен бүкіл әлемнен таланттарды тарта алатын қалалар қатарына енуге мүмкіндік береді. Жеке бастамалар мен инвестициялар жайлы қалалық орта ғана емес, дамыған инфрақұрылым бар қалада болады. Тұрақты заңнама, мемлекеттік қолдау және әкімшілік кедергілердің, бюрократияның болмауы табысқа жол ашады», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Алматыда әлеуметтік инфрақұрылым қарқынды дамуда. Қаланың шет аймағын дамытуға жете назар аударылуда. «Жаңа Алматы» бесжылдық кешенді даму жоспары аясында 943,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қарастырылған.
Smart технологияларды белсенді енгізу арқылы мемлекетпен өзара іс-қимыл процедуралары жеңілдеді. Алматыда бизнесті «қағазсыз» жүргізуге, есепшот-фактуралар жазуға, банктік операцияларды жүргізуге, салық есебін өткізуге, құрылысқа келісім беруге, эскиздік жоба жасауға, электр қуатына қосылудың келісімшартын электронды форматта жасауға болады.
Алматыда 2020 жылғы дағдарысқа қарамастан 17%-дық өсіммен 971 млрд теңге инвестиция тартылды. Инвестициялар үшін жылжымайтын мүлік (үлесі – 44%), өнеркәсіп (14%), көлік және қойма (10%) салалары тартымды болды.
Денсаулық сақтау (3,5 есе), білім беру (2,5 есе) салаларында өсім қамтамасыз етілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 175 млрд теңгенің 51 ірі жоба іске асырылып, 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.
Ағымдағы жылы да инвестициялар көлемінің артуы байқалады. Жеке инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы 100 миллиард теңгеден асатын Longlist 18 инвестициялық жобасы құрылды. Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгеден асады деп болжануда, оның 83%-ға жуығын жеке инвестициялар құрайды.