Ғылыми жиында сөз сөйлеген ғалымдар Жамбылдың ақындық мұраты мен эпикалық мұрасына, арнаулары мен Арқа ақындарымен байланысына тоқталды
Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай бүгін Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында «Жабаев мұрасы және тарихи дәуір» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған конференция пандемияға байланысты онлайн форматқа ауыстырылған. Ғылыми жиында сөз сөйлеген ғалымдар Жамбылдың ақындық мұраты мен эпикалық мұрасына, арнаулары мен Арқа ақындарымен байланысына тоқталды.
«Жамбыл Жабаевқа қатысты өкінішке орай, революцияға дейінгі кезеңге қатысты архивтік деректер өте аз. Міне, осы деректер ғылыми айналымға енетін болса, Жамбылдың өміріне қатысты құнды, тарихи деректер жарық көретініне мен сенімдімін», – деді Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Рашид Оразов.