Қаланың аумағы тарихи жағынан Алматы облысының іргелес аудандарының есебінен ұлғайды
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы онлайн-презентация барысында мегаполистегі жол инфрақұрылымын дамыту, жаңа жолдарды жөндеу және салу жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қаланың аумағы тарихи жағынан Алматы облысының іргелес аудандарының есебінен ұлғайды. Қазірдің өзінде, 2021 жылы қаладағы жолдардың жалпы ұзындығы 3097 шақырым. Алматы жолдарының үлесі республиканың барлық қала ішіндегі жолдарының бестен бір бөлігін (17,3%) құрайды.
Күн сайын қалада 700 мыңнан астам көлік жүруде, 1 миллионнан астам адам қатынайды. Магистральды көшелердің ұзындығы 531 км немесе 17%, аудандық маңызы бар көшелер – 594 км немесе 19%, жергілікті көшелер 1972 км немесе 64%-ды құрайды.
Бүгінде жергілікті маңыздағы 298,5 км көше бар, негізінен қалаға қосылған шағын аудандарда әрі оларға асфальтбетон төселмеген. Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 80% -даны (2477 км) асады.
2020 жылы ұзындығы 219 км болатын 324 көшеге орташа жөндеу жүргізілді. 86,6 км тротуарлар және 40-тан астам аялдамалар мен қалталар жөнделді, абаттандырылды.
Vision Zero тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Молдағалиев, Маметова және Айтиев көшелерінің бойында 14 трапеция тәрізді жасанды кедергілер мен 102 қауіпсіз құрылғылар жасалды.
74 мың адам тұратын 8 шағын ауданда 42,8 км жаңа жол салынды. Олар – Дархан-Байбесік, Алғабас-АЗТМ, Ұлжан-1, Ұлжан-2, Әйгерім-1, Әйгерім-2, Трудовик, Шаңырақ-2 шағын аудандары.