Биыл Алатау ауданында «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы аясында 36 жоба іске асады. Балалар, спорт және workout алаңдар артады. Бұдан өзге Қарасу, Теректі, Саялы, Нұркент сияқты ықшам аудандарда халықтың өтініші бойынша 50-ден аса аула күрделі жөндеуден өтіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Теректідегі су жаңа балалар алаңының орнын бұрын арам шөп басып, ұсқынсыз қоралар жайлап кеткен екен. Осындағы тұрғындар мұнда әркімнің қалай болса солай салынған көмір қоймасы мен тауық қорасы болған деседі. Қалаға қосылған соң әкімдікке өтініш айттық. Қазір айналамыз түрленді дейді халық.
«Ата-аналар да, балалар да мәз. Бұрын қоқыс толып жататын еді. Енді міне бәріміз үшін ыңғайлы, демалатын орынға айналды. Әсіресе кешке осы жерге жиналамыз. Жасы кішіге де, жеткіншектерге де ойнайтын жер бар», – деді Алатау ауданының тұрғыны Оксана Вольф.
Теректіде бұдан өзге тағы екі балалар алаңы салынып жатыр. Бір айдың көлемінде қолданысқа берілмек.
«Халықтың сұранысы, ұсынысы бойынша аудан әкімшілігімен жоспарлап арнайы бағдарламамен осы Теректі ықшам ауданында 4 балалар ойын алаңын салып бердік. Оны 2019 жылы салған болатынбыз. Кейін балалар ойнап сындырған соң, былтыр қайта қалпына келтіру жұмыстарын жасап толықтай күрделі жөндеуден өткіздік», – деді Алғабас, Теректі шағынаудандары жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Әбілахат Жапақ.
Бұқараның орындалып жатқан талап-тілегі бұл ғана емес. Кеше ғана қала әкімі Ерболат Досаев Алатау ауданының халқымен кездесуі кезінде атқарылған біраз шаруаны жіпке тізді. Сонда әкім алты шағынаудандағы 53 ауланың күрделі жөндеуден өткенін айтты. «Халықтың бюджетке қатысуы» аясында да көп іс тындырылыпты.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша соңғы 2 жылда ауданда бос жатқан 60 учаске абаттандырылды. Бұл жұмысты біз осы жылы да белсенді жалғастырамыз. Биыл 1 млрд 800 млн теңгеге 36 жоба іске асырылуда. Оның ішінде 24 жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Бұл жобалар аясында балалар, спорт, workout алаңдары салынады. Барлық жоба қарашада аяқталады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Бұдан бөлек 13-шағынаудан тұрғындары әкімнің 28 сәуірде өткен есептік кездесуінде Мөңке би көшесіне тиісті жол белгілерін орнатуды сұраған.
Жұрттың жүргіншілер жолын салу туралы өтініші бүгінде орындалған. Енді автобуспен аялдамадан түсетін болса тұрғындар жолдан әрі-бері алаңдамай өте беруіне болады. Арнайы жолақтар сызылып, жүргінші белгісі де қойылған.
Сондай-ақ Момышұлы көшесіндегі жүргінші өткелдеріне бағдаршам орнатылады. Жұмыстар тамыздың соңына дейін аяқталмақ.
Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы