Оқушылар сарайы: Көпті толғантқан гранит жиектастары қайта орнатылады

12.07.2022 00:13

Соңғы нұсқа жұрттың талқылауынан өтіп, заңнамада белгілінген тәртіппен ресми бекітіліп отыр

Almaty.tv

Саябақта салынатын нысандар бүгін белсенді азаматтарға да егжей-тегжейлі түсіндірілді. Оқушылар сарайының алаңында атқарылар жұмыстың үлгісі таныстырылып, жиналғандар нақты мәлімет алды. Мәселен, жаңа жобаға сәйкес, аталған аумақта 192 көше шамы мен 21 жарықшамды ауыстыру жоспарланса, одан бөлек 5442 көшет отырғызу да көзделген. Атқарылар жұмыстың қатарында 71 орындық пен 64 қоқыс жәшігін орнату да бар.

«Бүгін бәріміздің жиналуымызға бір ғана себеп бар. Ол – саябақтың тарихи келбетін сақтауды талап ету. Әрине, бүгін біз танысқан жұмыстың жобасы бұрынғысынан бөлек екенін көрдік. Егер тұрғындарға қолайлы жағдай жасалса, неге қолдамасқа», – деді белсенді Тимур Елеусізов.

3 жыл бұрын көпшіліктің назарына ұсынылған жобаға бұл жолы біршама өзгерту енгізілген. Соңғы нұсқа жұрттың талқылауынан өтіп, заңнамада белгілінген тәртіппен ресми бекітіліп отыр. Ал көпті толғантқан гранит жиектастары ескерткіштердің маңы мен орталық аллеяға қайта орнатылады.

«Қоғамдық кеңестің шешімімен арнайы мониторингтік топ жұмыс істейді. Сол арқылы апта сайын мұндағы атқарылып жатқан істің жай-күйімен танысып отырамыз. Әрине, жұмысты қадағалайтын негізгі мамандар бар. Сондай-ақ қала тұрғындарының да хабардар болып отыруына жағдай жасалған», – деді қоғамдық кеңестің төрайымы Алтынай Көбеева.