100 га аумақ, балалар және спорт алаңдары: Түрксіб ауданында "Желтоқсан" саябағы ашылды

100 га аумақ, балалар және спорт алаңдары: Түрксіб ауданында "Желтоқсан" саябағы ашылды
Алдағы жылы қазақ жұрты екі бірдей қос мерекені атап өтпек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ашылған жаңа «Желтоқсан» саябағы қаладағы ең үлкен үштіктің қатарына кіреді. Аумағы 100-гектарды алып жатқан жасыл аймақ Түрксіб ауданының Жас қанат ықшам ауданында орналасқан. Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың ұсынысымен ашылған демалыс орны алматылықтардың ерекше көңілінен шықты. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын саябаққа барып, бастама авторлары мен тұрғындар пікірін тыңдап келді.

Алдағы жылы қазақ жұрты екі бірдей қос мерекені атап өтпек. Бірі Тәуелсіздігіміздің мерейтойы болса, енді бірі желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы. Алматының Түрксіб ауданындағы саябақ та осы атаулы датаға орай ашылып отыр. Пандемияға қарамастан, онда құрылғылар орналастыру мен абаттандыру жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды. Қазір мұнда балалар мен жасөспірмдерге арналған 7 спорт алаңы бар.

БЛИЦ:

- Осындай қуанышқа жетіп жатырмыз. Кешелі бері бізде үлкен той десек те болады. Желтоқсаншыларға арналған 100 гектар аймақ саябақ  қазаққа бұйырып отыр.

- Халықтың игілігі, балалардың игілігі үшін жұмыс жасаса, біз қуанамыз. Міне, мына үлкен саябақта қуанып, балаларымызбен демаламыз.

Желтоқсан оқиғасына қатысушылар тарапынан қала әкімдігіне саябақ ашу туралы ұсыныс былтыр жасалған. Осылайша алматылықтар Желтоқсан оқиғасы кезінде қаза болған азаматтар рухына тағзым етуді мақсат еткен еді. Бұл бастаманы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бірден қолдап, саябақ ашуға көмек көрсеткен.  

«Осы саябақты да желтоқсандықтардың атына аталса, бұл да енді бір қозғалысқа қатысқандарға да құрмет қой, міне, бүгінгі күні жүзеге асып, «Желтоқсан» саябағы ашылып отыр, біз қуаныштымыз», – деді «Желтоқсан жұлдыздары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Мұстафина.

«Патриоттық тәрбие беретін құрал ретінде пайдалану керек бұл көтерілісті. Одан кейін Қазақстанда тұрып жатқан қазақтар емес, басқа ұлттар бар, сол ұлттардың бірігу факторына айналуы керек», – деді «Желтоқсан қоғамы» бірлестігінің төрағасы Нұрлыбек Қуаңбаев.

Паркте 135 түп ағаш отырғызылған. Олардың 35-і символикалық түрде алаңның ортасына егілген. Демалыс орны Кіші Алматы өзені бойын жағалай орналасқан. Ал, саябақтағы көлдің үстінен өтетін көпір Маяк ықшамауданы мен аудан орталығын байланыстырады.  

«Бұның ерекшелігі бұл жасанды емес. Бұл табиғи реаливті орман ретінде қалыптасқан. Табиғаттың тылсымымен өскен орман. Соның ішіне біз көріктендіру жұмыстарын жүргізіп, халыққа ұсынып отырмыз», – деді Түрксіб ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов.

Саябақты абаттандыру жұмыстары алдағы жылы да жалғасады. Мұнда Желтоқсан оқиғасына арналған арнайы ескертіштер мен мұражайға да орын бөлінеді. Ал аумақтың одан әрі дамыту ісі қоғам белсенділері мен қала тұрғындарының ұсыныстарын ескере отырып жүзеге асырылатын болады.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров