Алматыда әрбір 2 ықшамауданның балаларына арналған қалашық салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мұндай бұрын соңды болмаған жоба биыл пилоттық режимде салына бастауы мүмкін. Наурызбай ауданындағы халыққа пайдалануға берілген жаңа тұрғын үй кешендерінің маңында полицейлердің модульдік бекеттері қойылады. Ал ауданда бірнеше жекеменшік балабақша қолданысқа берілмек.
Бұл жолғы Наурызбай ауданындағы халықпен кездесу былтыр ғана бой көтерген, заманауи үлгіде салынған №206 мектепте өтті. Кездесуге 350-ден аса адам қатысты. Алматы әкімі Ерболат Досаевқа сұрағын арқалап келгендер басындағы түрлі мәселесін айтты. Қала басшысы еш сұрақты назардан тыс қалдырмады. Соның бірі Ақжар ықшамауданының тұрғыны ойын алаңдары мен қоғамдық көлік жағдайын көтерді.
«Мен Ақжар ықшамауданының тұрғынымын. Лашын көшесінде тұрамын. Менің сұрағым, бізге балалар алаңы керек. Біз жақта балалар алаңы, спорт алаңы жоқ. Содан кейінгі мәселе – автобус. Белжайлау көшесінен автобус жүре ме ?», – деді қала тұрғыны.
«Аудан әкіміне тапсырма бергенмін, бос жер болса, үй салынбаған жер болса алаң салу туралы. Картадан маған көрсетті. Бірақ бағасына қараймыз. Ал, автобус мәселесіне келетін болсам, көшелерде бұрылатын қиылыс тар болып жатыр. Автобус кіргеннен кейін шыға алмай қалады. Ол жағын қарастырамыз. Аудан әкімімен бірге талқылап, ұсынысты енгіземіз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Жаңа да Ақжар ықшамауданында балалар алаңын салу бойынша айтылған болатын. Абай көшесіне жаңа жобаларды көздедік, биыл сол жоба іске асырылады. Бірақ Белжайлау көшесінде бос жер телімі жоқ. Сондықтан балалар алаңын Абай көшесінің бойына саламыз», – деді Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғаев.
Қарқынды дамып келе жатқан Наурызбай ауданындағы ендігі мәселе – қауіпсіздік. 10 мың адамға бар болғаны 2 полиция пункті қызмет көрсетеді. Онда да 14 учаскелік полицей тыныштықты қориды деді. Бұл өте аз деді жұрт.
«Біздің учаскелік инспекторларға, полиция қызметкерлеріне мың да бір алғыс! Қолдарынан келгенше жүгіріп, барлық жұмысты атқарып жүреді. Бірақ сонда да учаскелік инспекторлардың санын көбейтіп, тағы да бір пункт ашылса дұрыс болар еді», – дейді тұрғын.
«Сервистік модельге көшкеннен кейін көрейік, жұмыс ауырлығына қарай. Бірақ штатты көтеру керек», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Біздің Ішкі істер министрлігінің бұйрығы бойынша, тұрғындардың санына сәйкес 14 учаскелік инспектор жеткілікті. Қаланың күнделігі бойынша 2500-3000-ға жуық халыққа қызмет көрсетеді», – деді қалалық ПД басшысы Арыстанғани Заппаров.
Өзекті мәселелердің тағы бірі ол – балабақша. Ауданда халық санының өсіміне байланысты мектепке дейінгі мекемелердің көп болғаны керек деді тағы бір тұрғын. Бөбектерімізді балабақшаға орналастыра алмай жүрміз деген халық қала басшысынан осы сұраққа көңіл бөлуін сұрады.
«Мен Наурызбай ауданының тұрғынымын. Менің қояр сұрағым, биылдыққа үш мектеп ашылды. Біз оған өте қуаныштымыз. Енді бізге мемлекеттік балабақша керек. Сол болашақта салынады ма?», – деді тұрғын.
«Осы жазға дейін 320 орындық балабақша саламыз. Одан кейін тағы бір жоба бастайын деп отырмыз, Шұғыла мен Құрамыс ықшамауданында. Мектеп Құрамыс ықшамауданында салынады. Одан басқа 400 орындық тағы жекеменшік балабақша ашылады. Жылдың соңына дейін жағдай дұрыс болады деп сенемін», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
«Бізде Наурызбай ауданы бойынша 5 мемлекеттік балабақша салу жоспарда бар. Алма сити 2-де Қазақстрой компаниясы 240 орындық балабақшаны мемлекеттің балансына береді. 1 қыркүйекке дейін жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік балабақша ашылу жоспарланып отыр. Құрамыс, Шұғыла, Қалқаман, Ақжар ықшамаудандарында 5 балабақша салынатын болады», – деді білім басқармасының басшысы Ләззат Жылқыбаева.
Әдеттегідей екі жарым сағатқа созылған кездесуде кезекке тұрғандардың барлығының сұрағы қамтылды. Қоя алмағандары сауалын жазбаша жазып жәшікке салды.
Жадыра Омаржан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы