Алматыда қосымша «Сергек» камерасы орнатылады

 Almaty.tv.
Almaty.tv.
Қала көшелерінің әр қиылысында тұрған «Сергек» камерасының жалпы саны бүгінде 5 мыңнан асады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл тағы 3 мыңға жуық «Сергек» камерасы орнатылады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әзірге соның 400 ғана жұмыс істеп тұр. Ал қалғаны іске қосылмаған. Соның салдарынан болса керек, қаладағы көлік жүргізушілері арасында «бақылау құрылғылары кейбір көшеде істемейді» деген сыбыс тарапты. Жауапты компания өкілдері болса, бұзылған бірде-бір камера жоқ дейді.

Қала көшелерінің әр қиылысында тұрған «Сергек» камерасының жалпы саны бүгінде 5 мыңнан асады. Келешекте көбейгеннің үстіне көбейе түсуі мүмкін. Бір жүргізуші мұны жөн санаса, келесісі «бұрыннан ретке келтірсе екен» дейді. Сөздеріне сенсек, «қозғалысты қалт жібермейтін» камералар кей көшеде істемей қалған кездері де болыпты-мыс.

«Ереже бұзғаннан соң айыппұл 1 аптада келеді. Бірақ кей жағдайда, жазба керек кезде бейнебақылау істемей қалады. Жақында ғана сондай жағдайға тап болдық. Досым көлігін соғып алды, ал екінші машина кетіп қалған. Сергектің дәл түбінде болған оқиға. Бірақ жазба табылмады», – дейді қала тұрғыны Қазбек Мандыбай.

Жауапты компания өкілінің сөзінше, бұрыннан тұрған камераларда ақау жоқ. «Құрылғылар істемейді» деген сыбыс жақында ғана орнатылып, әзірге қосылмаған камераларға байланысты шығуы мүмкін дейді ол.

«Іске қосылмаған камералар бар. Көп жүргізушілер арасындағы «Сергек істемейді» деген сыбыс содан шығып кеткен. Демек, көшенің бойында тұрып, ол іске қосылмаған камера астынан өтеді, келесі күні айыппұл келмейді. Сондықтан сондай ойға келеді. Іске қосылған барлық 5034 камера қалыпты істеп тұр», – «Көркем Телеком» «Сергек-Алматы» компаниясы техникалық директорының орынбасары Кеңесхан Мерекенов.

Ішкі істер министрілігі мәлімдегендей, жолды бақылауға арналған қосымша құралдар Алматыда осы жылдың екінші тоқсанында қосылуы тиіс. Айта кетсек, «Сергек» камерасы енді полиция көлігіне де орнатылды. Жұмыс пилоттық режимде жүргізіліп жатыр. Әзірге 8 машина қала ішін аралап, заңсыздықты қозғалыс барысында анықтайды.

«Енді былтырғыны айтсақ, 3826 жол оқиғасы тіркеліп, салдарынан 4 мыңнан астам адам жарақат алды. 90 адам қаза тапты. Бұл енді бізге өте ауыр нәрсе. Сол себепті біз бұған үлкен мән беріп, жұмыстар атқаруға дайынбыз»,– деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің өкілі Еркін Өтегенов.

Құзырлы орган мәліметінше, былтыр Алматыда жол ережесін бұзу дерегі бойынша 1 миллионнан аса хаттама толтырылған. Салынған айыппұл көлемі де аз емес. 10 миллиард теңгеден асып жығылады. Тәртіп сақтамаған жүргізушілердің көбі камера арқылы анықталыпты. Сондықтан болар, жолды бақылау құралдарының санын арттырмақ. Ал енді мұның «қауіпсіздікті сақтауда» қаншалықты септігін тигізері уақыты келгенде белгілі болар.

Оразай Нұртайұлы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров