Әлем қайырымды жандармен әдемі. Осыдан бір жыл бұрын елде карантин жарияланған кезде Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұқтаж отбасыларға көмек көрсетіп, азық-түлікпен қамту туралы пәрмен берген еді. Сол кезден бастап, қалада бірнеше қоғамдық қорлар мен ерікті ұйымдар құрылды. Кәсіпкерлер мен меценаттар жең түріп, қайырымдылық жасауға белсене кірісті. Әлемге кеңінен тараған коронавирус пандемиясы кезінде белсенділіктің үлгісін танытып, көмекке мұқтаж жандарға жыл бойына қол ұшын созған қайырымды жандар туралы Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын баяндайды.
Бірді бөлшектеу оңай, ал көптің мысын басу қиын. Елде төтенше жағдай орнаған кезде, кәсіпкерлер бас біріктіріп, көпке көмектесуді қолға алды. Соның бірі – Гүлшар Мәжкен. Оның Қытайдағы Құлжа қаласынан көшіп келгеніне көп уақыт болмаған. Елге сағынып жеткен отандасымыз кәсіпкерлік жолға бет бұрады. Қысыл-таяң орнаған кезде құны 2 млн теңге болатын 200 отбасыны азық-түлікпен қамтыды.
«Карантин болды. Мұқтаж жандар көбейген соң, отбасымызбен ақылдасып көмек көрсетейік деген шешімге келдік. Әр отбасыға 25 кг болатын ұн, су май, макарон, шәй қатарлы тамақтай көмектестік», – деді жеке кәсіпкер Гүлшар Мәжкен.
Игі шарадан Қазақстанның эстрада жұлдыздары да қалыс қалмады. Олар сол кезде әріптестерімен бірге жиналып 1000 отбасыға азық-түлік таратты. Бұл ретте әлеуметтік жағдайы әлжуаз, көпбалалы, жалғызбасты қарттар мен аналарға басымдық берілді. 2 жүк көлігі тиелген тұрмысқа қажетті заттардың салмағы 15 тонна.
«Бүгін 15 тоннадай азық-түлікті билік арнайы бекіткен жерге қоймаға тапысырып отыр. Алматы қаласындағы Алатау және Наурызбай аудан әкімдіктерінің өкілдері келіп оны мемлекеттік «Қазпошта» тасмалдау қызметінің көмегіне жүгіне отырып, мұқтаж жандарға табыстайтын болады», – деді композитор Арман Дүйсенов.
Қайырымдылықтың да қайыры бар. Қиын кезде қалалықтарға көмек көрсеткен өңірлік кәсіпкерлер мен қоғамдық қор басшылары Ел Президентінің ұйғарымымен «Халық алғысы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат осындай жаны жомарт жандар үшін сол жылы алғаш рет тағайындалған еді.
«Ешбір дүние халықтың алғысымен тең келмейді деп айтуға болады. Бұл халықтың бізге деген сенімінің жоғары екендігін көрсетеді. Біздің ары қарай жұмыс істеуімізге мотивация. Жасым не -бәрі 23-те болса да, мемлекеттік награда алғаныма қуаныштымын», – деді «Қазақстан медицина жастары» қоғамдық республикалық бірлестігінің вице-президенті Жәнібек Солтанай.
Елде сын-сағат орнаған кезде әлемге әйгілі миллиардерлер өз жомарттығын көрсетті. Мәселен, Alibaba Group компаниясының негізін қалаушы Джек Ма екі мәрте Қазақстанға гуманитарлық көмек жіберді. Транзитпен келген жүк Қазақстанның Қытайдағы Елшілігінің қолдауымен іске асты. Медициналық-гуманитарлық көмектің салмағы 4 жарым тоннаны құрады. Жүктің ішінде 500 мың түрлі медициналық маска, 5 мың қорғаныш костюм, 50 мың медициналық қолғап және адам қызуын алыстан анықтайтын тепловизорлар болды.
Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев «Алматы» телеарнасы