Алматы қаласында жаңа сырғанақ алаңдары ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Соның бірі – «Сұңқар» сырғанау алаңы. Мұнда балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай қарастырылған. Жасанды қардан қаланған сырғанақта карантин талаптары да қатаң сақталуда. Жауаптылар болса, балаларды осындай қауіпсіз сырғанақтарға әкелу керектігін айтады.
«Сырғанақ алаңының балалардың қауіпсіздігі үшін қоршалғаны дұрыс. Бізде қазір жеңілдіктер жүріп жатыр. Осы демалыс күндері кіру ақысы 1000 теңге. Қыс фестивалінің мақсаты – қала тұрғындары мен қонақтарын салауатты өмір салтын ұстануға шақыру», – деді «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінің басқарушысы Николай Гребнев.
Демалуға келгендер қала халқы мен қонақтары үшін жасалып жатқан осындай жеңілдіктердің аса ыңғайлы екенін айтуда. Олар жабық ғимаратта сырғанағаннан гөрі ашық аспан астында сырғанаған әлдеқайда пайдалы екенін атап өтті.
«Мұндай сырғанаққа бірінші рет келдім. Балаларға арналған сырғанақтың қауіпсіз болғаны қуантады. Себебі, қала сыртындағы сырғанақтар арнайы салынбағандықтан қауіпті», – деді қала тұрғыны Жәмилә Жұмағали.
«Біз сырғанаққа екінші рет келіп тұрмыз. Бізге де, балаларға да ұнап жатыр», – деді қала тұрғыны Асқар Байсақов.
«Қызымды сырғанаққа бірінші рет әкеліп тұрмын. Қаланың ауасы лас болғандықтан, таза ауада сырғанасын дедім», – деді қала тұрғыны Виктор Ким.
Қаланың тағы бір ауданында бүгін тегін сырғанақ ашылды. Жетісу ауданы тұрғындары енді балаларын ертіп, үйдің маңайында демалуға мүмкіндік алды. Ұйымдастырушылар жақын арада бұл сырғанақты кеңейтуді жоспарлап отыр.
«Үлкен Алматы қаналы аумағында тұрғындар үшін жасанды сырғанақ салдық. Коммуналдық қызмет жұмыскерлері жаппай жұмылып, 3-4 күннің ішінде бұл жұмысты аяқтады. Сырғанаққа таза қарды пайдаландық. Мұнда келушілердің қауіпсіздігін бақылайтын жауапты адамды да бекіттік», – деді Жетісу ауданы әкімінің орынбасары Әлішер Сатыбалдиев.
Сая Меңдеке, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы