Биыл мүгедек бала асырып отырған және көпбалалы отбасына қосымша 2 мың пәтер берілмек
Алматыда Жеңіс күні қарсаңында ҰОС ардагерлеріне 1,5 миллион теңгеден көмек беріледі. Биыл қалада мүгедек бала асырып отырған және көпбалалы отбасына қосымша 2 мың пәтер салынады. Ал Самғау шағынауданында халықты 4 жылдан бері әуре сарсаңға салған су мәселесі түбегейлі шешіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алатау ауданының ауыз судан тарыққан жұрты Алматы әкімімен кездесуге асыға келді. 4-5 көрші бірігіп, дүйім елдің мәселесін арқалай келген. Олар 4 жыл бұрын басталған орталық су жүйесінің құрылысы бітсе де, әлі күнге дейін сусыз отырғанын айтып шағымданды. Ал осы күнге дейін тіршілік нәрін жекеменшік су мұнарасынан ішіп келген тұрғындар оның әбден ескіргенін айтады. Ол бұзыла қалса, апталап ауыз сусыз қалады.
«Мынау енді ескі құбыр, жаңа жылға дейін шыдамайды. Рас айтайын. Оны ауыстыру керек», – деді қала тұрғыны Нұржан Әбілқасымов.
Алматы әкімі мәселенің бақылауда екенін айтады. Тек ауыз су мен кәріз жүйесіне арналған сорғы стансасын салу қажет. Әкімдік оның құрылысына арналған жерді таңдап та қойыпты. Бірақ ол жерге бәзбіреулер ешқандай рұқсат құжатынсыз нысан салып тастаған. Енді халыққа тағы шыдамдылық танытып, біршама уақыт күтуге тура келеді.
«Самғау шағынауданы бойынша жағдайды білесіздер. Бізге барлығы дұрыс жұмыс істеуі үшін жекеменшік сорғы стансасын салу керек. Қазір заңсыз нысанды сүруге қатысты процедура басталды. Оның қолында ешбір құжат жоқ. Жоспар бойынша жыл соңына дейін салып бітеміз. Сонда су да беріледі», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Кездесуде Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге көмек көрсету жайы да сөз болды. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Алматыда 58 ардагер тұрады. 9 мамыр күні дәстүрлі түрде 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағында гүл шоғы қойылып, мерекелік концерт өтеді. Ал «мерекеге жеке қатыса алмайтын, құрметке лайық қарттардың әрқайсысын аралап, жеке құттықтаймыз» деді қала әкімі.
«Алдымызда 9 мамыр. Өкініштісі, соғысы ардагерлерінің қатары жыл сайын азайып жатыр. Өткен жылы оларға материалдық көмек көрсетілді. Білейін дегенім, биыл да соғыс ардагерлеріне көмек қарастырылған ба?» – деді қала тұрғыны.
«9 мамыр – бәріміз үшін қасиетті мереке. Мен көзі тірі ардагерлердің жасы ұзақ болып, өз мерекелерін аман-есен қарсы алғанын қалаймын. Біз оларды жыл сайын назардан тыс қалдырған емеспіз. Көмекке келсек, әрине қаражат қарастырылған. Осыған дейін әрбір ардагерге миллион теңгеден береміз деп жоспарлаған едік. Кейін 500 мың теңге қосып, 1 жарым миллион табыстауды жөн санадым. Қаржыны ертең өтетін мәслихаттан сұраймын. Ауған жауынгерлеріне, тыл еңбеккерлеріне де материалдық көмек көрсетіледі», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Биыл мүгедек бала асырып отырған және көпбалалы отбасына қосымша 2 мың пәтер берілмек. Өйткені соңғы жылдары пандемия кесерінен Алматыда арнайы тұрғын үйлер салынбаған. Қала әкімі бұл мәселені қолға алатынын жеткізді.
«Сал ауруымен ауыратын науқас 11 жыл болды кезекте тұрады. Өздігінен тамақ алып, көмексіз өмір сүре алмайды. Осындай ауруы бар отбасына бірінші кезекте баспанамен қамтамасыз ету Президенттің шешімі бар», – деді қала тұрғыны.
«400 пәтердің жолын биыл мамыр айына дейін аяқтайды. Одан кейін пәтер иелеріне кілтті табыстаймыз. Мәслихат мені қолдап, осы жылы республикалық бюджеттен 19 млрд 200 млн теңге алдық. Өзіміз қосымша 38 млрд 200 млн ақша бөлдік. Арнайы осындай 2 мың жаңа пәтер көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, салуды жоспарлап отырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Алатау ауданы тұрғындарымен өткен кездесуге 250-ден астам тұрғын қатысты. Олар түрлі саладағы сауалын қойып, қала әкімінен бірден жауап ала алды. Ал дүйім ел шаһар басшысының халық алдына келіп, арызын тыңдауын өте орынды деп бағалайды.
Жадыра Омаржан, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы