Алматыда әлеуметтік интеграция орталығы ашылады. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасы басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһарда әлеуметтік көмек 17 түрлі санаттағы адамға көрсетіледі. Олардың ішінде аз қамтылған отбасылар, соғысы ардагерлері, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар және өмірлік қиын жағдайға тап болған жандар бар.
Алматыда 50 мың 537 адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Бұл – 4064 отбасы. Әлеуметтік көмек әрбір жанұя мүшесінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен адамдарға тағайындалады. Одан бөлек те, қаржылай қолдау көрсетіледі.
– Атаулы әлеуметтік көмек алатын, сондай-ақ, 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалары бар отбасыларға азық-түлік, химиялық тұрмыстық заттар үшін бөлек қаржы беріледі. Мұндай көмекке 5926 бала ілінген. Сондай-ақ аз қамтылған отбасыларға газ орнату, мүгедек балаларды оқыту сияқты көмектер қарастырылған, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Сондай-ақ шаһардағы мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету үшін 13,2 млрд теңге қаражат қарастырылған. Соның аясында 430 адамға ем-дом, оңалту шаралары үшін инновациялық техникалық құралдар берілді. Қала әкімінің тапсырмасымен шаһарда инклюзивті орта құрылып келеді.
– Біз 150 протез, 200 арба, 7 есту аппаратын алдық. Бәрі – жоғары сапалы, бағалы құрылғы. Сондай-ақ жыл соңына дейін мүмкіндігі шектеулі жандардың 90 пайызын оңалту шарасымен қамту жоспарда бар, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тең мүмкіндіктер бөлімінің басшысы Аманат Сұлтанғазиев.
– Мүгедектігі бар азаматтар мен мүмкіндігі шектеулі балалардың қатынауына «Инватакси» қызметі іске қосылғанын білесіздер. Былтыр 70-ке жуық көлік қызмет көрсеткен болса, қазір әлеуметтік көмек үшін 100 темір тұлпар жұмыс істейді. Сондай-ақ биыл такси қызметін ұсынатын мобильді қосымшаны әзірлеушілермен бірлесе, тағы бір пилоттық жобаны бастадық, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов.
Шаһардағы зейнеткерлер де назарсыз емес. Олар үшін әр ауданда «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Онда күнделікті 150 адам келіп, көңілі қалаған іспен айналысады. Келесі жылы мұндай орталықтың тағы екі филиалын ашу жоспарланған.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Елімізде мобильді аударымдарға қандай шектеу қойылады