Ұмыт қалған 7 үй: Алматыда 10 жыл бойы ауыз сусыз отырған тұрғындар жергілікті әкімдіктің мазағынан шаршаған

23.06.2020 00:22

Ал аудан әкімдігі тапсырыс беруші Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы дейді

Almaty.tv

Алматыда 10 жылдан астам уақыт ауыз сусыз отырған 60-қа жуық отбасы жергілікті әкімдіктің мазағынан шаршадық деп отыр. Өйткені олар Самғау ықшамауданын ортақ желіге қосқанымен, 7 үйді жалғауды ұмытып кеткен. Оған қоса, билік басындағылар суық су мен кәріз құбырын салмай жатып, жолды тегістеуге көшкені күмән туғызған. Егер көшеге асфальт салынса, онда судан күдер үзуге тура келеді дейді халық. Мәселенің мән-жайын Almaty.tv тілшісі анықтап қайтты.

Бұл – Самғау ықшамауданындағы Жайлы көшесі. Мұнда 1970 жылдары салынған 2 қабатты он үй бар. Бірақ неліктен екені?!  Оның үшеуі орталық суық су жүйесіне биыл қосылған. Ал қалған жетеуі қалып отыр. Бұл тұрғындардың наразылығын тудырды. Өйткені олар 10 жылдан бері суық сусыз отыр.    

Жазда тамшы су көрмейміз деген халық Алатау ауданы әкімдігінің жұмысына көңілі толмайды. Жағдайды айтқанымен, шенділер құлақ аспай келеді дейді. Халық былтыр көшенің арғы бетіндегі көрші үйде суық су мен кәріз құбыры салынып жатқанын көргенде шын қуанған. Алайда бұл қауыныштары ұзаққа созылмады.

«Бізге ешкім келіп жобаны көрсеткен жоқ. Бірақ көрші үйдегі жұмысты көріп, қуанып жүргенбіз. Осы жақында ол тізімде жоқ екенімізді білдік. Білдей 7 үйді ұмыт қалдырды. Енді мердігер мекеме Жайлы көшесіне асфальт төсеп кетпекші. Тұрғындарға жолдың тегісінен бұрын, таза ауыз су керек. Біз оған қарсымыз», – деді Алатау ауданының тұрғыны Елена Снегирева.

Ал, ескі үйлерге су тартып тұрған құрылғының әбден тозығы жеткен. Сондықтан ол су ішуге жарамсыз дейді. Ал, мұндағы тұрғындар таза ауыз суды күнделікті сатып ішеді. Әсіресе, бұл мәселе карантин кезінде қиындық туғызып жатқан көрінеді.  

«Біздің үй маңындағы дүкендер ішуге, ас дайындауға болатын ауыз судың жоғын жақсы біліп алған. Кейде бағасын қосып қояды. Бала-шағалы, зейнет жасындағы қариялары бар ықшамауданбыз. Жағдайымыз қиын», – деді Алатау ауданының тұрғыны Ирина Глотова.

Ал аудан әкімдігі тапсырыс беруші Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасы дейді. Бірақ жасалған жобадан қателік кеткен. Бақандай 7 үй сызбаға кірмей қалыпты. Енді олқылықты ретке келтіру үшін қайтадан құжат жасалып жатыр.

«Ол жерде 716 абонент болған. Соның 413-ы қазіргі таңда қосылған. Бүкіл абонентер магистральді сетьтердің бәрі салынғатен. Ол жерде жобада қате болған. Үйлер қалып қалған. Қазір біздің тарапымыздан жаңа жобаға ұсыныс бердік Сосын халықпен кездесіп, түсініктеме береміз», – деді Алатау ауданы әкімінің орынбасары Әділет Тоқтасынов.

Аудан әкімдігі бұл көшеге 39 мың шаршы метр асфальт төселуі керек дейді. Бірақ оның орнына су құбырын тартуға болады деп отыр. Кейін бюджеттен қаржы алып, жолды тегістеуге мүмкіндік бар. Алайда су тартылған көршілері тақтайдай тегіс жолдың салынғанын қалайды. Сондықтан шенділер халықпен кездесіп, ортақ шешімге келмек.

Жадыра Омаржан, Қобылан Әлдибеков, «Алматы» арнасы