Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Алматы агломерациясын дамыту бойынша ауқымды жоспар әзірленбек. Жобада мегаполис пен Алматы облысына ортақ көлік, әлеуметтік инфрақұрылым сияқты мәселелер шешімін таппақ. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев орталық коммуникациялар қызметінде баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қала әкімдігі мемлекет басшысының берген тапсырмаларын белсенді іске асырып жатыр. Жыл басынан бері 16 мың жұмыс орны құрылып, 3 мыңнан аса орны бар 54 балабақша қолданысқа берілген. Ал Алматы агломерациясын дамыту үшін өз алдына ауқымды жоспар әзірленбек.
«Өңдеу өнеркәсібі (+18,3%), құрылыс (+21,8%), көлік (+18,4%), байланыс қызметтері (+8%) экономиканың өсу драйверлеріне айналды. Жоғары инвестициялық белсенділік байқалады, жыл басынан бері негізгі капиталға салынатын инвестициялар 20,9%-ке өсті», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Қаңтар оқиғасында зардап шеккен кәсіпкерлерге өтемақы беру толығымен аяқталған. Барлығы 1594 өтініш келіп түсіп, оған 14 млрд теңгеден аса қаржы төленіпті. Соңғы 5 айда жеке инвестиция көлемі 22 пайызға өскен. 10 бизнес жоба іске асып, 200-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылған. Инфляцияның өсуіне байланысты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап отыру үшін қосымша 4 млрд теңге бөлінген.
«Көкөніс пен жемістерді өңірлер мен көршілес елдерден тікелей жеткізу жағдайы жасалған. Нан бағасын тұрақтандыру, азық-түлік қорларынан астық жеткізу жүріп жатыр», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Жыл соңына дейін Кемел және Мамыр шағын аудандарында 2 отбасылық-дәрігерлік амбулатория ашылады. 4 перзентхана мен 2 балалар стационары техника жағынан жарақтандырылмақ. Жол инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары да қарқынды жүруде. «Бұқтырма-Құлжа» күре жолын салу жыл соңында аяқталады.
«Мемлекет басшысының тапсырмалары шеңберінде қаланы көгалдандыру және абаттандыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Биыл 4 жаңа парк аймағы іске қосылады, 4 сквер абаттандырылды. Жасыл Алматы» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың басынан бері 145 мың көшет отырғызылды. Жыл соңына дейін тағы 360 мың ағаш отырғызу жоспарланған», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Ерболат Досаев қорытындылай келе Алматыны дамытудың 2025-2030 жылға дейінгі даму жоспары әзірленіп жатқанын тілге тиек етті. Жоба қоғам талқысына түсіп, 13 мыңнан астам қаралым жинаған. Алматылықтарды жайлы қалалық орта, экология, абаттандыру мәселелері толғандырады. Шаһарды дамытудың негізгі басымдықтарын іске асыратын жоспар 5 қыркүйекке дейін толық бекітілмек.
Назкен Еркін, «Алматы» телеарнасы