Алматыны толық бейнекамерамен жабдықтау жоспарланып отыр

turkystan.kz
turkystan.kz
Ерболат Досаевқа сұрақ қоюға 50-ге жуық тілші жазылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қант тапшылығы жоқ. Тәтті өнімнің бағасы бақылауда. Ол туралы бүгін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы қала құрылысының бас жоспары бекітілгеніне 20 жыл өткен. Алайда шаһар дамыған сайын халық саны да ұлғаюда. Осыған байланысты 2040 жылға дейін жаңа жоспар әзірленіп жатыр. Негізгі құжатты қоғам талқылауынан өткізіп, сәтін салса, осы жылдың аяғына дейін бекіту жоспарланған. Бұл ретте даму жоспарына да ерекше басымдық беріліп отыр. Қоғамдық талқылау барысында 400-ге жуық тұрғыннан 1 280 ұсыныс-пікір келіп түскен. Жоспар 5 қыркүйекке дейін бекітілетін болады.

«Жайлы қалалық орта, басқарылатын урбанизация, Жасыл Алматы және қауіпсіз Алматы. Міне, біз осы бағыттарда үлкен жұмыстар жүргіземіз. Креативті индустрияны дамыту үшін де Алматының мүмкіндіктері зор. Аулалар әлеуметтік теңдестірілген болуы керек. Жоспарда осының бәрін ескеруге тырыстық», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Қалада газ стансаларының аздығы автобустардың уақытылы әрі үздіксіз қатынауына кедергі келтіріп отыр. Бүгінгі күні 6 газ құю бекеті ғана бар. Оның бесуі - «ГазТрансАймақ»  кәріс серіктестерімен бірлесіп салған жекеменшік стансалар. Түйткілдің түйінін тарқату үшін әкімдік қосымша газ құю бекеттерін салуды қолға алып жатыр.

«Қазір тек 2 станса жұмыс істеп тұр. Үшіншісі, бұл біздің коммуналдық газ құю бекетіміз. 15-інші шілдеге дейін тағы біреуі іске қосылады деп отырмыз. Ал тамыз айының басында төртіншісі де қатарға қосылады. Біз өзіміз 3 бекетті саламыз және оның жоспарын жасап қойдық», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Сыртқы саяси геоахуалға байланысты еліміздің барлық аймағында қант тапшылығы туындап отырғаны белгілі. Нәтижесінде халық шекерді жаппай сатып алып қалуға тырысып жатыр. Алматы қаласының өзінде соңғы екі аптаның ішінде тәулігіне қант тұтыну 120 тоннадан 250 тоннаға дейін өскен. Мұның алдын алу үшін қосымша сауда желілеріне квоталар бөлінген. Әкімнің айтуынша, тапшылық болмайды, импортқа тәуелді тауар болғандықтан тек бағасы көтеріледі деген болжам бар.

«Қазір қыстың қамын ойлап тосаптар жабу маусымы басталғанын түсінеміз. Оған қоса көршілес аудандардың тұрғындары да Алматы қаласына келіп қант сатып алады. Қазір шекердің орташа бағасы 560 теңге. Алайда үлкен сауда желілеріне, мәселен Магнумға 445 теңгеден, тағы 8 нүктеге, оның ішінде базарларға 480 теңгеден 530 теңгеге дейін ұнтақ қант жеткізу бойынша тікелей келісім бар. Біз осы үрдісті сақтап қалғымыз келеді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев

Сонымен қатар тілшілер қауымын, Алматыда қылмыспен күрес бағытында қандай жұмыстар жүргізілетіні де қызықтырды. Әкім 2025 жылға дейін қаланы толықтый бейнекамерамен жабдықтау жоспарланып отырғанын жеткізді. Оған қоса тағы 575 Сергек камералары орнатылмақ. Ал Алматының мәдени өміріне қатысты сұраққа Ерболат Досаев соңғы 5 айдың өзінде 100-ден астам шара ұйымдастырылды деп жауап берді. Ал Art sport жобасы аясында қосымша 4,5 миллиард теңге бөлінген.

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевқа сұрақ қоюға 50-ге жуық тілші жазылды. Алайда белгіленген уақыт ішінде, дәлірек 2 сағат бойы әкім 30 журналистің шаһардың дамуы мен көкейкесті мәселелеріне қатысты сауалына нақты жауап беріп үлгерді. Ал қойылмай қалған сұрақтарға әкімдік міндетті түрде жазбаша жауап беретінін жеткізді.

Асылбек Тойбек, Данияр Омар, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров