Балам бол, басқа бол заң бәріңе ортақ. Бірақ, қазір сол заңды белшесінен басып, оны елегісі келмейтіндер азаймай тұр. Медеу ауданындағы дәмхана қожайыны жабық нысанға 100-ге жуық адам қабылдап, думандатып жатқан жерінен ұсталды. Ауданның мониторинг тобы екі сағаттың ішінде осындай 20-ға жуық заң бұзушылықты анықтап айыппұл салды. Күшейтілген карантин кезінде түнгі уақытта дастархан басында достарымен бас қосып, алаңсыз көңіл көтергендерге Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын куә болып келді.
Бұл – Медеу ауданының орталығында орналасқан дәмхана. Шағын нысанның ішінде адам саны тым көп. Бос үстел таппайсың. Олар індеттің таралуына қарамастан, демалыс орнында дастархан жайып, көңіл көтеріп отыр. Қожайыны келушілерді маскасыз қабылдағаны бір бөлек, әлеуметтік арақашықтық мүлде сақталмаған. Аяқ-асты келген бақылау тобын күтпеген олар журналистер мен тәріп сақшыларын көргені сол еді, барлығы жан-жаққа тым-тырақай қаша бастады.
Бұл дәмханаға кіреберіс есік. Дәмхана иесі бұл есікті жауып онымен қоса, жапсарлас орналасқан жазғы алаңдардың да жұмысын тоқтатып қойған. Ал ішке қонақтарды артқы жасырын есіктен қабылдапты. Іштегі адамдардың саны 82 екені анықталды.
Қонақ үйдің жоғары қабатындағы дәмхана иесі де кешкі сағат 10-нан кейін қонақ қабылдап, қызмет көрсетіп жатқан жерінен ұсталды. Мұндағы вип-бөлмеде сылқым қыздар 30 жасқа толған мерей тойын атап өтіп жатыр-мыс. Бірақ олар карантин режимін бұзбағанына сенімді.
Мейрамхана әкімшілігіне не себепті кешкі уақытта жабық нысанға қонақ қабылдадыңыз деген сұрағамызға жауап бере алмады.
Сағат қазір түнгі 00.00-ден 10 минут кетті. Медеу ауданында тағы бір компьютерлік клубтың жұмыс істеп тұрғаны анықталды. Қожайынның сөзіне қарағанда, бұл нысан тәулік бойына жұмыс істейтінге ұқсайды. Себебі мұнда адам көп. Олардың бәріне айыппұл салынды.
Түн ұйқысын қиып, көкжәшіктің қызығына түскендердің бәрі де ересек балалар. Олар тіпті бастапқыда бақылау тобының келгенін де байқамады.
Карантин тәртібін бұзғандардың әрқайсысын сөзге тартсаң, бәрі де сақтық шараларынынан хабарымыз жоқ деп ақталады. Ал, оны көпшілікке алдын-ала түсіндіру жұмыстарына ауданның санитариялық қызметкерлері міндетті. Олар болса, күн сайын ақпараттандыру шаралары жүргізілсе де заң бұзушылықтар азаймай отыр дейді.
«Комиссия тобы шығып, әр мекемеге түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Дегенмен де өзіміз көріп жатырмыз, карантин режимі бұзылып жатыр. Заңды тұлғаларға 230 айлық естептік көрсеткіш көлемінде айыппыұл салдық. Оны бір аптаның ішінде төлесе, 50 пайыз жеңілдік. Ал, жеке тұлғаларға 30 айлық естептік көрсеткіш. Олар да бір аптаның ішінде төлесе 15 айлық естептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлей алады», – деді Медеу аудандық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқарма басшысының міндетін атқарушы Айбек Әскербек.
Елімізде күшейтілген карантин шаралары 17 тамызға дейін белгіленді. Өңірде бұған дейін енгізілген шектеу шаралары сақталады. Тек жағзы алаңдағы дәмханалардың жұмысына рұқсат. Онда да бір мезетте келушілер саны 30 адаманан аспайы тиіс.