Көшемізде жарық жоқ! Балалар мектепке қатынайтын жол қауіпті. Түнгі уақытта көңіл көтеретін орындар мазамызды алады. Бүгін Алматы әкімімен кездескен Медеу ауданының тұрғындары осы мәселелердің оңды шешілуін сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Аудандағы № 98 мектепке жеткізетін жалғыз жол – осы ғана. Білім ошағында 2 ауысыммен 1200 бала оқиды. Мектеп әкімшілігі оқушыларға «Екібастұз көшесімен жүрерде абай болыңдар» деп ұдайы айтып отырады екен. Өйткені онда не жүргіншілер жолы, не тротуар жоқ. Кесірінен балалар қаңтарылып тұрған көліктердің арасынан басын қатерге тігіп өтуге мәжбүр. Кейде жүріп келе жатқан машинаны өткізіп жіберетіндей де орын қалмайды екен. Сондықтан да ұстаздар да оқушылар үйіне аман-есен жетпейінше, жанын шүберекке түйіп отырады.
«Машина көп қояды. Сондықтан балалар келіп-кеткен кезде жолмен жүруге тура келеді. Бұл қауіпті. Қауіпті болғандықтан «тротуар салып берсе» деген өтінішіміз бар. Осы есік алдынан бастап, Тәтібеков, сосын Тәтібековтың жанында 50-60 метр жер бар. Сол аралықты тротуар салып берсе, балаларға қауіпсіз болады», – деді №98 ЖББ мектеп директорының орынбасары Баймұхан Зәкіров.
Мұғалімдердің әр баланы ата-анаға жеке табыстап, жіті қадағалауының арқасында жолдан зардап шеккендер жоқ. Мектеп директорының орынбасарының айтуынша,мәселені қайғылы жағдайға апармай шешуді қолға алса дұрыс. Бүгін осы мәселені қала әкімі Ерболат Досаевпен кездесуде көтерді.
«Мектеп бойынша тексеру жүргіземіз. Егер мүмкіндік болып жатса, жақын арада 150 метрлік тротуар салып береміз. Сұрағыңыз қабылданды. Ал Қабылов көшесі 2023 жылдың жоспарына қосылған. Жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр», – деді мобилділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов.
«Жаңа айтып өттім, жыл басынан Медеу ауданында 29 көшеге орташа жөндеу басталды. Онда тротуар салу да қарастырылған. Қазірдің өзінде 27 көшеде жұмыс аяқталды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.
Көңіл көтеретін орындар әбден мазамызды алды деген аудан халқы бұл мәселені де қолға алуды сұрады. Бірі түтіндетіп кәуап пісірсе, енді бірі түнде көшені шулатады деп шағымданды. Дүйім ел мәселені шешу үшін қауіпсіздікті барынша күшейтуді сұрады.
«Сізге аудан тұрғындарының жан-айқайын жеткізгім келіп тұр. Осы тарихи ғимараттың алдында атап айтқанда, Ғылым ордасының қасында БХБ және Барвиха деген түнгі клубтар жұмыс жасайды. Кеш бата аудан тұрғындары жан күйзеліске түседі. Неліктен қарапайым халық мас адамдардың балағат сөзін, төбелесін көруі керек. Осы мәселе бойынша шара қолдануыңызды сұраймын», – деді қала тұрғыны.
«Ғылым ордасының қасындағы ғимаратты 1998 жылы сатып жіберген. Енді заң бойынша қарап жатырмыз. Не істеуге болады. Сіздерге көмегіміз ретінде мобилділік пункт ашып берем. Жыл соңына дейін 2 камера қосып беремін. Қандай өзгеріс болатынын көрейік? Аудан әкіміне тапсырма берген едім, қожайынымен сөйлесіп, олармен ішкі жұмысын өткізсін деп», – қала әкімі Ерболат Досаев
Қылышын сүйретіп қыс келе жатыр деген тұрғындардың өтініші – балалар сабақтан қайтамыз дегенше қараңғы тез түседі, сондықтан көшеге жарық шамдар орнату.
«Думан-2 ықшам ауданының тұрғынымын. Бұл мәселе бойынша Open Almaty бірнеше мәрте жазғанбыз. Бірақ бірде-бір жауап ала алмадық. Бізде бірінші, екінші, үшінші үйлерде көше жарығы бар. Төртінші үйден ары қаратай 17-21-22 үйге дейін көше қараңғы», – деді қала тұрғыны Ұлбосын Әкімқызы.
«Ол көше бойынша жарықтандыру жұмысы жүргізілген. Бірақ балансқа өткізілмеген. Кезінде Меркур нет компаниясы алған. Қазір ТҚЖ-мен бірге барып, тескеріп оны қостырамыз. Қостырттық та, осы сенбі-жексенбі күндері тексердік», – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин
«Алматықалажарық» балансына алғаннан кейін, сіз айтқан қалған үйлердің маңында жарыұ қосамыз. Әуелі осы жұмыстарды бітірсін, әкімшілік бірге жұмыс істейді», – деді қала әкімі.
Кездесуге мәселесін айтып 550-ден аса адам келді. Сұрағын қала әкіміне қойып үлгермегендер сыртта отырған мамандардан кеңес алды. Айта кетейік, бұл – Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Медеу ауданы тұрғындарымен екінші кездесуі.
Жадыра Омаржан, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы