Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасының Akimat LIVE бағдарламасының тікелей эфирінде пәтер кезегінде тұрған қалалықтарға берілетін тұрғын үй сертификаттары жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Екі мың азаматтың алғашқы төлемнің бір бөлігін жабуы үшін тұрғын үй сертификаттары беру мақсатында жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлінді.
Қалалық мәслихат осы жылдың 31 мамырында тұрғын үй кезегіне тұрғандарға тегін және қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификатының мөлшерін 1 миллион теңге көлемінде анықтады, бұлар төмендегі санаттағылар:
• I және II топтағы мүгедектер;
• мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар;
• жетім балалар және ата-ана қарауынсыз қалған балалар;
• көпбалалы отбасылар.
Сертификат «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Шаңырақ» (5-10-20) және Бақытты отбасы (2-10-20) бағыттары бойынша пайдалануға болады.
Бүгінде бұл шешім қалалық Әділет басқармасында тіркелуде. Өтініштерді қабылдау шешім тіркелгеннен кейін басталады және Алматының Тұрғын үй саясаты басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Қабылдаудың басталғаны туралы ақпаратты Басқарманың веб-сайтынан қадағалау керек.
Сертификат алу үшін «Отбасы Банкі» АҚ-да төлем қабілеттілігін алдын-ала бағалаудан өткен қалалықтар «Тұрғын үй сертификаттарын беру» мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сай өтінішпен және құжаттармен жүгінеді. Оның ішінде: белгілі формадағы өтініш; өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке басын куәландыратын құжаттар; соңғы 6 айдағы кірістер туралы есеп; жұмыс орнынан анықтама; банктен тұрғын үй заемын беруді мақұлдаған хат қажет.
Үміткермен тұрғын үй сертификатын беру туралы келісімге қол қойылса, онда тұрғын үй сертификатының белгіленген мөлшері өтініш берушінің есепшотына аударылады.
Тұрғын үй сертификаты тұрғын үй заемын беруге келісім алған, соңғы 6 айдағы кірісі отбасының әрбір мүшесі үшін 106 336 теңгеден аспайтын қала тұрғындарына беріледі.
2021 жылдың 1 маусымындағы жағдай бойынша қалада тұрғын үйге мұқтаж жобада қарастырылған санаттар бойынша 9 136 азамат тіркелген, олар:
• I және II топтағы мүгедектер – 2 726 азамат;
• мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар – 1 443 азамат;
• жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 1 879 азамат;
• көпбалалы отбасылар – 3 088 азамат.