Алматының Индустриалды аймағында 9 жоба іске қосылып, 1600-ден астам адам жұмыспен қамтылады

Алматының Индустриалды аймағында 9 жоба іске қосылып, 1600-ден астам адам жұмыспен қамтылады
Индустриалды аймақта машина жасау, құрылыс, фармацевтика, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі сияқты салаларды қамтитын 54 өндіруші компания бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Индустриалды аймағында жыл соңына дейін 9 жоба іске қосылады. Жаңа кәсіпорындарда газбетон, болат құбырлар, электр бұйымдары, инженерлік сантехника мен жылыту жабдықтары өндіріледі. Бұдан бөлек «Алатау» инновациялық технологиялар паркінде» 8 жобаны жүзеге асыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатады. 

Индустриалды аймақта машина жасау, құрылыс, фармацевтика, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі сияқты салаларды қамтитын 54 өндіруші компания бар. Бүгінде құны 75 миллиард теңгеден асатын 14 жоба іске асқан. Нәтижесінде 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып отыр.

Ал, биыл жыл соңына дейін 40 миллиард теңгеге тағы 9 өндіріс іс қосылады. Яғни, газбетон, мәрмәр тастан жасалған бұйымдар, электр және жылыту жабдықтары, медициналық тестілер өндіріледі. Сөйтіп, 800-ден көп жұмыс орны ашылмақ. Мәселен, мына электр кабельдерін шығаратын зауыт биыл ақпанда іске қосылған. Мұнда жылына 25 мың тоннаға дейін мыстан жасалған кабель сымдары шығарылады.  

«Елімізде кабельдік өнімдердің сапасы әлі де көңіл көншітпейді. Статистикаға сүйенсек соңғы 5 жылда шетелден 1 жарым миллиард долларға кабель жеткізілген. Оның көбісінің сапасы сын көтермейді. Салдарынан тұрмыста өрт тұтану фактілері жиі кездеседі. Сондықтан мемлекеттің қолдауы отандық кәсіпорындарға ауадай қажет», − деді Кабель өндіру зауытының директоры Андрей Приходько.

Сондай-ақ, шағын өнеркәсіптік парктерді дамыту жақсы жолға қойылған. Аймақтан орын алып ісін дөңгелеткен кәсіпкерлер 2 пайыздық жеңілдікпен қаржылай көмек алады. Ал, 1 шаршы метрлік жұмыс алаңын 1200 теңгеге жалға алуына мүмкіндік берілген.

«Индустриялық аймақта орта есеппен 5 мың шаршы метрден болатын шағын өнеркәсіптік парктер салынуда. Биыл 4 шағын өнеркәсіптік паркті іске қосу жоспарлануда. Бүгінгі күнде Түрксіб, Алатау, Наурызбай аудандарында бір-бір осындай шағын  өнеркәсіптік парк іске қосылды», − деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Бұдан бөлек арнайы экономикалық аймақтағы «Алатау» инновациялық технологиялар паркі» белсенді дамып жатыр. Жыл басынан бері мұнда аспап жасау бағытында 4, фармацевтика саласы бойынша да 4 жобаны іске асыру жұмыстары басталған. Бұл жобаларға 44 ,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. 1600-ден астам адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Тағы бір айта кететіні, қалада шағын және орта бизнес саласында дағдарысты болдырмау үшін салықтан, жалға алу төлемінен босату, гранттар бөлу сияқты шаралар атқарылған.

«Кәсіп ашу шынымен де үлкен қаржыны талап етеді екен. Қаржысыз кәсіпті дамыту мүмкін емес. Сондықтан осындай гранттар көбірек беріліп қолдау көрсетілсе, біз ішкі нарықты жақсы дамыта аламыз деген үміттемін», − деді кәсіпкер Тоғжан Құттығаева.

Алматы әлі күнге еліміз бойынша инвестиция тарту орталығы болып қала бермек. Биыл жалпы құны 314 миллиард теңгеден асатын 84 инвестициялық жобаны пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде халықты жұмыспен қамтып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетті көтеруге оң серпін береді.

Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров