Дағдарысқа қарсы шаралар Алматы экономикасының тұрақтылығын сақтап қалды. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін бірқатар кешенді және жедел шаралар қабылданды. Шаһар экологиясы да ерекше бақылауда. Бүгін елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Бақытжан Сағынтаев Алматының 5 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Екі сағаттан астам уақытқа созылған есепте не айтылды? Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатсын.
Алматыда коронавирустың жаңа штаммдарының ықтималдылығы тіркелуіне байланысты локдаун болмайды. Алайда шектеу шаралары міндетті түрде қабылданады, деді қала басшысы Бақытжан Сағынтаев. Бұл ретте бірінші кезекте вакцинаға деген тұрғындардың жауапкершілігі күшеюі керектігін айтты. Себебі соңғы екі аптада ауру жұқтыру саны өсе бастаған. Дегенмен медициналық орталықтар, инфекциялық стационарлар заманауи қондырғылармен 100% жабдықталған.
«Біз 1 МРТ, 4 КТ, 40-тан астам УДЗ, 40-тан астам рентген аппараттарын сатып алдық. Бүгінгі таңда пандемия кезеңін біз барлық ауруханамызды КТ аппаратымен жабдықтадық, кейбіреулері жетінші аурухана сияқты, орталық клиникалық секілді емханадарда 2 КТ аппараттан бар. Осы жылы қаражат қарастырдық. Сонымен, біз тағы 3 МРТ 4 КТ сатып аламыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар, қала әкімі қалада әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан кешенді іс-шараларға тоқталды. Ірі сауда желілеріне әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 15 атауын төмен бағамен сату үшін жеңілдетілген қарыз берілген. Бұған қоса «айналым» несиелерін беру арқылы ірі тауар өндірушілердің сату бағалары белгіленіпті.
«Маусымаралық уақытта картоп, сәбіз, қырыққабат және басқа да өнім түрлері тапшы болғандықтан көкөністер бағасы көтерілді. Өйткені нарықта да болған жоқ, сол себепті бағалар өсті. Бірақ қазір біз Түркістан облысымен өнімдердің барлық түрлерін жеткізу бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Қант бойынша өткен жылдан бастап Алматы облысындағы Ақсу зауытымен жұмыс істейміз. Біздің келісімшарттық бағаларымыз басқа зауыттар ұсынып отырғаннан төмен. Осы шаралардың барлығы бізге бүгінде қандай да бір өнім түрлеріне бағаның көтерілмеуіне көмектеседі», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Бұдан бөлек, Бақытжан Сағынтаев 2025 жылға дейін Алматы қаласындағы экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі іс-шаралардың кешенді жоспары әзірленгенін айтты. Қалада қоғамдық көлікті отынның экологиялық таза түріне көшіру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Әкімдік дизель және бензин отынымен қоғамдық көлік сатып алуға тыйым салу туралы шешім қабылдаған. 2021 жылы автобустардың 500-ге жуық бірлігін газбен және электр қуатымен сатып алу жоспарланған. Сонымен қатар, биыл қалаға кіре берісте 19 экологиялық бекет орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Екінші жылу электр орталығын газға ауыстыру мәселесі шешілді. Енді 3-ЖЭО бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өйткені ол да қала маңында орналасқан. Одан шыққан шаң-тозаң қалаға келеді. Оңай шаруа емес. Ауқымды жұмыс. Бірақ атқарып жатырмыз. Әр көшедегі шығарындылардың жағдайын бақылау үшін датчиктер орнатамыз. Біз барлық автокөлік иелерінің автобустар мен велосипедтерге көшуі үшін жағдай жасайтын боламыз. Ол үшін инфрақұрылым қалыптастырамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Айта кету керек, «Жасыл Алматы» бағдарламасы аясында 3 жылда 1 млн. ағаш отырғызу көзделген. Қазірдің өзінде түрлі тұқымдардың 480 мың көшеттері отырғызылыпты. Жыл соңына дейін тағы 300 мыңнан астам жас ағаш егілетін болады.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен брифинг бұған дейін есеп берген әріптестерінен уақыты жағынан асып түсті. Тілшілермен сұхбаттасу 2 жарым сағатқа созылды. Мегополис басшысы 17 БАҚ-тың 35-ке жуық сұрағына егжей-тегжейлі жауап берді.
Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы