|
21.03.2022 | 19:37
5133

Алматыда Президенттің қатысуымен «Жаңа жыл, Жаңа ел, Жаңа Қазақстан» атты шара өтті

Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы Алматы қаласында ауқымды көлемде тойлануда

Алматыда Президенттің қатысуымен «Жаңа жыл, Жаңа ел, Жаңа Қазақстан» атты шара өтті Almaty.tv

Бүгін – Самарқанның көк тасы еріп, ақ түйенің қарны жарылған күн. Тіршілік атаулыға жан бітіп, дастархан аққа толған дүбірлі мереке, халықаралық Наурыз мейрамы. Күллі түркі халқы асыға күтіп, ардақ тұтатын қасиетті мереке биыл Алматы қаласында бастау алып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысумен аталып өтті. «Жаңа жыл, Жаңа ел, Жаңа Қазақстан» атты концертте қазақ жұртын Наурыз мерекесімен құттықтаған Мемлекет басшысы «бірлігі бекем еліміз жасай берсін» деген ізгі тілегін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

 

Бүгін, 21 наурызда Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамы Алматы қаласында ауқымды көлемде тойлануда. Ұйымдастырылған іс-шаралардың ең негізгісі «Астана» алаңында өтті. «Жаңа жыл, Жаңа ел, Жаңа Қазақстан» атты концертте еліміздің танымал эстрада жұлдыздары мен өнер майталмандары ән-шашу айтып, жиылған қалың жұртшылыққа керемет көңіл-күй сыйлауда.

Алматыда ұлы той, дүбірлі мейрам ерекше тойланып жатыр. Өйткені мемлекет басшысы әз-Наурызды атап өтуге үлкен мән беріп, дәл осы мереке қарсаңында халыққа жолдау жасады. Ал бүгін алматылықтармен бірге Наурызды қарсы алып, барша жұртты келіп жеткен мерекемен құттықтады. 

«Құрметті ағайын! Ең алдымен баршаңызды әз-Наурызбен, осы қасиетті күнмен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – ежелден жақсылық пен жасампаздықты дәріптейтін ұлық мереке. Әз-Наурыз – береке-бірліктің, шынайы жанашырлықтың және өзара қамқорлықтың мейрамы. Мен бүгін Ұлыс күнін өздеріңізбен бірге қарсы алу үшін Алматыға арнайы келіп отырмын. Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Халқымызға қайта оралған Ұлыс тойын мерекелеу осы қастерлі мекеннен басталған. Алматы – қазақ елінің рухани, мәдени және іскерлік орталығы. Қазір біздің алдымызда зор міндеттер тұр және ауқымды жұмыстар бар. Оны жүзеге асыруға алматылықтар барынша атсалысады деп сенемін. Қала тұрғындарына аманшылық тілеймін», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық нақыштағы киімдер, қаз қатар тізілген киіз үйлер, қолөнер бұйымдарына толы жәрмеңке. Дәл осы көрініс қалың жұртшылыққа Наурыз мерекесін сезіндірді. Ал сахнада өнер көрсеткен танымал әншілер құлақтан кіріп, бойды алған әуезді әндерді орындады.

Мерекелік концертті тамашалауға еліміздің еңбек сіңірген және қоғам қайраткерлері, қалалық қоғамдық кеңестің мүшелері, мәдениет саласының марқасқалары жиылды. Барлығы бірауыздан Наурызды сағына күткенін айтып, Президенттің «Ұлыстың Ұлы күнінде Жаңа Қазақстан құру» туралы бастамасын қолдады. 

«Құрметті ағайын, бүгін шын жүректен баршаңызды Наурыз мейрамымен құттықтаймыз. Биылғы Наурыз мейрамымыз – ерекше. Біз Президентміз Қасым-Жомарт Кемелұлымен баршамыз қосылып, бәріміз бірге «Жаңа Қазақстанды» құрамыз», - деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Әбдірахманов.

«Биыл Наурызда Президенттің жолдауынан бастап, көптеген жақсы жаңалықтар болып жатыр. Мемлекет басшысы мейрамда бізге үміт сыйлап, «Жаңа Қазақстанды» бірге құруға шақырды. Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың рухын көтерді. Мен біздің елде оң өзгерістер болатынына сенемін», - деді қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Сана Жандай.

Ақ түйенің қарны жарылып, дастархан аққа толған күнді қалың жұртшылықтың аңсап күткені байқалады. Алаңға жиылған халықтың қарасы көп, көңіл-күйлері көтеріңкі. 

«Бүгінгі күн өте керемет болды. Күн де ашық болды. Толастамай жауып тұрған жаңбыр тыйылып, бізге сый жасаған сияқты. Керемет концерттер болып жатыр. Барлығы жаңаша сезіледі», - дейді қала тұрғыны Жұман Амалкүн.

«Жастар ел Президентімен бірге!» деп айтқым келеді. Бүгінгі келіп жеткен қасиетті Наурыз мерекесі баршаңызға бақыт-береке, ынтымақ алып келсін», - дейді тағы бір тұрғын Айдархан Сайлаубекұлы. 

Айта кету керек, Наурыз мерекесі соңғы 2 жылда онлайн форматта, отбасымен тойланған еді. Бүгінде Ұлыстың ұлы күні елімізде кең көлемде тойланып, Алматының барлық аудан орталықтарында 80-нен аса іс-шара ұйымдастырылды.

Аяулым Көлжігіт, Медет Саматұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы, ҚР Президенті Телерадиокешенінің көмегімен

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир