Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

Almaty.tv
Almaty.tv
Үш сағат төңірегінде бас-аяғы 60-тан астам сұрақ қойылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қала көркіне сын болған екі қабатты тұрғын үйлер мен заңсыз құрылыстың көбеюі. Бүгін Бостандық ауданының тұрғындары Алматы әкімімен кездесуінде осы мәселелерді көтерді. Одан бөлек, мектеп пен емхана тапшылығы сөз етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жарылған қабырға, шіріген еден, сарғайған төбе. Бұл үйде Зәуре Беркімбаева 35 жылдан бері тұрады. Көпшілік қала орталығындағы тозығы жеткен баспананың сүрілуін күтіп жүр.  Бостандық ауданында орналасқан екі қабатты тұрғын үйдің сылағы түскен, апатты жағдайда тұр. Қазір мұнда 12 отбасы тұрады. Әрқайсында қарт кісілер мен бала-шаға бар. Мұндағы жұрт қаланың қақ төрінде отырса да, коммуналдық қызметке жарымай отырғанын айтты. Аудан тұрғыны дәл осы мәселені айтып бүгін қала әкімінің халықпен кездесуіне барды.  

«Біз тұратын үй 1965 жылы қамыстан салынған. Жергілікті әкімдік оның сүрілетінін айтқан. Бірақ бұл қашан жүзеге асады? Осы мәселені 15 жылдан бері айтып келеміз. Қала ортасында отырсақ та, жарық жиі өшеді. Бір тәулікке дейін жанбайды», – деді қала тұрғыны Зәуре Беркімбаева.

Ал жауапты басқарма жақын арада екі қабатты үйдің сүрілетінін айтты. Ол үшін инвестор да табылып, жұмыс жоспарға енгізіліп қойған. Жалпы Алматыда мұндай нысандардың саны 1400-ге жуықтайды. Онда 6500-ден астам адам тұрады. Ал қала қасіретіне айналған тығыз құрылыс мәселесі аудан тұрғындарын әбден шаршатып, мезі еткен.  

«Розыбақиев 247 мекенжайында тұрамыз. Үйдің алдынан зәулім сарай тұрғызылып жатыр. Бұған дейін тұрғындармен бірлесіп, әкімдіктен мамандарды шақырғанбыз. Олар мұның заңсыз екенін айтқан. Соған қарамастан құрылыс жалғасып жатыр», – деді қала тұрғыны.

«Біз бұл мәселеден хабардармыз. Жергілікті мекенжай бойынша қазір комиссия құрылды. Құрылыс иесімен де келіссөздер жүргіздік. Қазір олар құрылыс құжатын дайындап жатыр. Бәрі де заң жүзінде жүзеге асады», – деді Бостандық ауданының әкімі Алтай Рахымбетов.  

Елді алаңдатқан тағы бір мәселе автотұрақтың жетіспеушілігі. Қазақфильм шағынауданының тұрғыны «көліктерді амалсыздан жол жиегіне қоямыз» дейді. Кесірінен жедел жәрдем мен қызметтік көліктер кіре алмай қиналатынын айтты.

«Көліктерді қойып жүрген орынды белгісіз біреу сатып алғанын айтты. Нәтижесінде 200-ден астам көлікті қоятын орын таппай, дал боламыз», – деді қала тұрғыны.

«Автотұрақтың жетіспеушілігі – тек Бостандық ауданында ғана емес, қала бойынша өзекті мәселе. Қазір біз түрлі жобаны қарастырып жатырмыз. Оның бірі – түрлі жекемекеншік компаниямен келісім, енді бірі – көпқабатты автотұрақ. Сол автотұрақты салу жоспарда бар», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұл қала әкімінің Бостандық ауданы тұрғындарымен биылғы екінші кездесуі. Үш сағат төңірегінде бас-аяғы 60-тан астам сұрақ қойылды. Оның біразы шешімін тапса, біразы орындалуға жіберілді.

Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров